
Төрехан Сабырхан ересектер сапында бокстасуға да бойын үйрете бастады
Қазақстандық жас боксшы Төрехан Сабырханның халықаралық аренадағы аяқ алысы қуантпай қоймайды. Жақында ғана ол Бангкокте өткен беделді Thailand Open-2025 турнирінде алтын медаль жеңіп алып, кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Финалда Сабырхан өзбекстандық қарсыласы Мухаммадазизбек Исмоиловпен кездесті. Былғары қолғап шебері алғашқы раундта қарсыласынан жеңіліп жатқанымен, қалған екі раундта айқын басымдық танытып, жеңісті жұлып алды. Бұл Төреханның өзбекстандық боксшылармен бесінші айқасы және соның бір де бірінде ол жеңілмеген.
Қазақ пен өзбек боксшыларының арасындағы бәсекелестік о бастан бары белгілі. Сол секілді бұл жайт Сабырханды айналып өткен жоқ. Жерлесіміз Исмоиловпен жолы алғаш рет 2024 жылғы маусымда Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының финалында жолы түйісіп, Төрехан 5:0 есебімен жеңіске жеткен. Дегенмен биылғы сары құрлық біріншілігінде Мухаммадазизбектің біраз ширағаны көрініп тұр: тәп-тәуір қарсылық танытып бақты. Алайда Төреханның әртүрлі жас деңгейін қоса есептегенде төртінші рет Азияның үздігі атануына кедергі келтіре алмады.
Сабырхан Өзбекстан өкілімен алғаш рет 2022 жылы Аммандағы турнирде кездесіп, сол жолы Фаррух Тулагановты екінші раундта нокаутқа түсірген.
2023 жылдың қарашасында Сабырхан тағы бір өзбекстандық былғары қолғап шебері Кахрамонджон Фазиловты Азия чемпионатының ширек финалында жеңіп, кейіннен жарыс чемпионы атанды. Ал 2023 жылғы қазанда Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Акбар Ахмадовты ұтып, әлем чемпионы атағын иеленді.
Осылайша, Төрехан Сабырхан өзбек боксының төрт бірдей өкілінен бес рет басым түсіп, бір де бір рет жеңілмеген. Ол тарихқа жастар мен жасөспірімдер арасында төрт мәрте Азия чемпионы, сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпионы ретінде енді.
2025 жылғы наурызда Болгарияда өткен «Странджа кубогында» 67 келі салмақта алтын медаль алып, турнирдің үздік боксшысы атанды – бұған дейін бұл мәртебеге еліміздің ешбір өкілі ие болмаған еді.
Бүгінде Төрехан ересектер сапында бокстасуға да бойын үйрете бастады. Дегенмен 30 маусымда Астанада жалауы желбірейтін Әлем кубогына қатыспайды, себебі 70 келіде Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі боксшысы – Абылайхан Жүсіпов. Дегенмен, мамандардың айтуынша, Төреханның ұлттық құрамада бірінші нөмір атануы – уақыт еншісіндегі дүние.
Ал біз Төрехан Сабырханның жеңісті жолы енді басталғанын және алдағы уақытта оны ересектер арасында Өзбекстанның мықты боксшыларымен жекпе-жектер күтіп тұрғанын сеніммен айта аламыз.