Жәнібек жүрегіме қатты тиген сөз айтты – Әлімханұлының алғашқы бапкері

05.06.2025, 11:56

Боксшының кәсіпқой боксқа ауыспас бұрын айтқан сөздері қалай әсер еткенін айтты

Жәнібек жүрегіме қатты тиген сөз айтты – Әлімханұлының алғашқы бапкері
Коллаж 1bol.kz

Жәнібек Әлімханұлын жеті жасынан бастап 2017 жылы кәсіпқойға ауысқанға дейін жаттықтырған бапкер Мұрат Сиқымбаев шәкіртінің кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешім қабылдаған сәтін еске алды.

Бапкер «Сау бол» YouTube арнасына берген сұхбатында Жәнібектің кәсіпқой боксқа ауыспас бұрын айтқан сөздері ерекше әсер еткенін алға тартты.

«2016 жылы Жәнібек жүрекке қатты тиген сөз айтты. «Әлем чемпионы боласың» дедіңіз, болдым. «Азия чемпионы боласың» дедіңіз, болдым. «Азия ойындарының чемпионы боласың» дедіңіз, ол атаққа да қол жеткіздім. Ендеше неге «Олимпиада чемпионы боласың» деп айтпадыңыз?» деді. Мен оған: «Олимпиада деген саясат екенін өзің білесің. Құдды шахмат секілді, біреуін берсе, екіншісін алады» дедім. Жәнібек Олимпиададағы айқасында ұтылған жоқ, бірақ төрешілер шешімді басқаша шығарды», - деді маман.

Осы жайттан соң Әлімханұлы кәсіпқой бокста бақ сынау туралы шешім қабылдаған.

«Жәнібек «Келесі Олимпиадаға дейін не боларын ешкім білмейді. Сіз маған батаңызды беріңіз, бағымды кәсіпқой бокста сынап көрейін» деді. Сөйтіп өз қаражатына АҚШ-қа аттанды», - дейді Мұрат Сиқымбаев.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 18
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 3
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам