
Ол бастапқыда өзінің пышақталғанын түсінбей қалғанын айтады
Танымал боксшы Ердос Жаңабергенов әлем чемпионаты алдында пышақталған сәтін еске алды. Былғары қолғап шебері Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында оқиғаның Үрімшідегі оқу-жаттығу жиындарында болғанын айтты. Бұл жайт әлем чемпионатына 12 күн қалғанда болған.
«Бәріміз әлем чемпионаты алдында Үрімшіге оқу-жаттығу жиындарына аттандық. Таңертең спарринг жасаймыз. Бейбіт Шүменов мені сол жерде қалай да жеңіп, әлем чемпионатына барамын деген мақсатпен келді. Ол жерде бәрі тапсырмамен жаттығады, бірақ біз «тапсырмаға қарамаймыз, біз осы жерде тағдырымызды шешеміз» деп келісіп, қол алыстық. «Бокс» деген белгіні естіген бойда екеуміз жұдырықтаса кеттік. Арада 15-20 секунд өткені сол еді, ыңғайыма келіп тұр екен, жақсылап соққы жасап едім, Бейбіт сол жерде құлады. Екі минуттай тұра алмай жатты. Жаттығудың алғашқы күні болғандықтан, дәрігеріміз бәріне дәрі-дәрмек үлестіріп жатып, көрмей қалды. Жергілікті дәрігер тексеріп, Бейбітті жедел жәрдеммен алып кетті», - деді боксшы.
Ол бастапқыда өзінің пышақталғанын түсінбей қалғанын айтады.
«Нөмірде жата бермейін деп кешкілік серуенге шықтым. Қасымда Жеңіс деген досым бар. Бір сәтте кішкентай бойлы бір жігіт жамбасымнан бір соқты. Сүйегіме дейін сыздап кетті. Мен не болғанын түсіне алар емеспін. Досыма «мына баланың соққысы мықты екен, боксшы болатын жігіт» деп қоямын. Ол мені ұрып кетті деп ойладым. Ауырған жерімді уқалап тұрсам, бір кезде жылуды сезіндім. Сол кезде түсіндім пышақтап кеткенін. «Жеңіс, мені пышақтады» дедім. Жүре алмай қалдым, бірақ қонақүйге сүйретіліп жеттік. Кім, не үшін істегенін білмейміз», - деді ол.
Боксшының сөзіне қарағанда, дәрігердің біліктілігінің арқасында жара тезірек емделген. Соның арқасында қалыпқа келіп, көп ұзамай әлем чемпионатында үздік шықты.
«Жеңістің мені арқалап келе жатқанын көрген бапкерлер шулап қоя берді. Қан деген жайылып барады. Құйрықтың дәл ортасынан соққан. Жергілікті дәрігер мықты екен, шұғыл көмектесіп, екі сағат сайын жарадағы таңғышты ауыстырып отырды. Жата бермей жаттығуға барайын деп сұрандым, «байқа, сүйектен айырылып қалып жүрме, көп күш түсірмей жаттығу жаса» деп рұқсатын берді. Жаттығу барысында да таңғышты үнемі ауыстырып отырды. Қытайдың медицинасы сол кезде дамып кеткен екен ғой», - дейді боксшы.
Дегенмен қастандық жасағандардың кім екенін анықталған, алайда боксшының өзі қаскөйдің атын атамауды жөн көрді.
«Кім екенін білдік, қандастар да айтып берді. Сөйтсек, негізі пышақты бүйректен тығып алу туралы тапсырма берілген екен. Оның бойы қысқа болып, мені Құдай сақтап қалды. Бірақ соңына түспедік. Бәріміздің ойымыз әлем чемпионатына қатысып, топ жару еді. Сол мақсатты көздеп жүріп, полицияға да арызданған жоқпыз», - деп еске алды ол.