
Бұған дейін ол Түркістан облысы атынан жарыстарға шығып келген еді
Қазақстандық жас боксшы, халықаралық жарыстарда өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген Төрехан Сабырханның қай өңірдің атынан өнер көрсететіні анықталды. Былғары қолғап шебері өзінің Instagram парақшасында елішілік жарыстарға бұған дейін өзі айтқандай, Атырау облысының емес, туған қаласы Шымкенттің атынан қатысады.
«Бұған дейін Атырау облысына ауысамын деп хабарлаған едім. Ол жаққа мені Бауыржан Кәрімов ағам шақырған. Жақында ол кісі Шымкент бокс федерациясының вице-президенті қызметіне келді.
Жаңа қызметіне келе салысымен біз кездесіп, әңгімелестік. Оның қорытындысы бойынша мен Шымкентте қала беретін болдым», - деді Төрехан.
Сонымен қатар ол қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.
«Мен тек ішкі біріншілікте жеке бір өңірдің намысын қорғаймын. Ал шет елге шыққанда, Қазақстанның көк туын көтеремін. Қолдау білдіріп отырған барлығыңызға рахмет», - деді боксшы.
Айта кетейік, осыған дейін Төрехан Түркістан облысының атынан өнер көрсеткен. Алайда, облыс тарапынан өзіне материалдық қолдау болмағандықтан ол Атырауға ауысатынын айтқан еді.