
Сәкен Бибосынов Бішкекте 23 жастағы филиппиндік боксшыны жеңген еді
20 шілде күні Сәкен Бибосынов Бішкекте 23 жастағы филиппиндік боксшы Кристиан Леганені (6-1-3, 4 KO) жеңді. Жекпе-жек 52,1 келі салмақ дәрежесінде алты раундқа жоспарланған болатын. Алайда, Сәкен қарсыласын нокаутқа жіберіп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Боксшы Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында алдағы жоспары туралы айтып берді.
«Кездесу өзіміз ойлағандай өтті. Дайындық кезінде бауырға жасалатын соққыға басымдық беріп, көп қайталадық. Бірінші раундта тап осы бауырға соққы жасау арқылы нокдаун ашуды жоспарлаған едік. Бәрі біз қалағандай болғанына қуаныштымын. Қарсыласымды әбден зерттедім. Бұл жеңіс өзімді де, бапкерлер мен жанкүйерді де, осы жекпе-жекті ұсынған жапондық промоутерлерді де қуантып тастады.
Промоутерлер бірден екінші жекпе-жекке қатысуға ұсыныс жасады. Бірақ бұл тек мен шешетін нәрсе емес. Бокстан ұлттық құрама сапындамын, сондықтан, бас бапкердің, Қазақстан бокс федерациясының келісімімен таңдайтын боламын. Әуесқой бокстағы күнтізбеге кедергі болмайтын кездерде ғана жұдырықтасамын. Бапкерім екі жақты да алып жүретінімді айтты, солай болуы да мүмкін», — деді Бибосынов.
Осы кешті ұйымдастырған жапониялық промоутерлер Сәкен Бибосыновқа жақсы ұсыныстар жасап жатыр.
«Менің бокс мәнерім ұйымдастырушыларға ұнады. Олар менің әлемдік рейтингіде тез көтерілуіме жағдай жасап, мықты қарсыластармен кездесу өткізуге дайын екендіктерін айтты. Екі-үш жекпе-жектен соң Азияның, төртінші-бесінші кездесуде әлем чемпионы белбеуіне таласу мүмкіндігін барын айтты. Бұл әзірге алдағы уақыттың еншісіндегі дүние»,- деді боксшы.
Кәсіби бокста гонорар мәселесінің маңызды екені белгілі. Бірақ Бибосынов өзі үшін ақшаның маңызды еместігін айтты.
«Маған ақша емес, нәтиже маңызды. Ақша қызық емес маған. Кәсіби немесе әуесқой бокс болсын, үздік нәтиже тіркеп, жетістікке жетсем — мақсатымның орындалғаны», — деді ол.