
Роза Жұмагелдиеваның ұлымен кездесе алмағанын айтты
Қостанай облысындағы қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтеуші Арман Жұмагелдиевтің анасы Роза Жұмагелдиева қайтыс болды. Бұл туралы ақпаратты алғаш рет әлеуметтік желіде Арманның жақын досы Нұржан Иманалиев жариялады.
«Бүгін жүрегімізді ауыртқан қаралы хабар жетті…Ардақты досымыз Арманның асыл анасы, қадірлі Роза апай өмірден озды. Роза апайымыз иманды, парасатты, сабырлы, текті, ақылгөй жан еді. Тағдырдың ауыр сынақтарын бастан өткерді… Жалғыз ұлына ұзақ жыл жаза беріліп, баласының басына бұлт үйірілген қиын кезеңдер болды. Бірақ ана жүрегі соның бәріне төзіп, баласынан ешқашан теріс айналған жоқ», – деп жазды Иманалиев», – деп жазды Нұржан Иманалиев.
Арман Жұмагелдиевтің адвокаты Рена Кәрімова Orda.kz тілшісіне берген түсініктемесінде марқұм Роза Жұмагелдиеваның ұлымен кездесе алмағанын айтты.
Оның айтуынша, мекемеге кіруге рұқсат алу қиындық туғызған.
«Ұлымен кездесуге рұқсат алу оңай болған жоқ. Анасы Костанайда болды, бірақ кездесуге ресми рұқсат ала алмады. Соның салдарынан жүздесе алмады. Сол жақта көз жұмды», — деді Кәрімова.
Сондай-ақ ол алдын ала дерек бойынша Роза Жұмагелдиеваның өліміне микроинсульт себеп болуы мүмкін екенін нақтылады.
Арман Жұмагелдиев 2022 жылғы қаңтар оқиғасына қатысты жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушы ретінде айыпталып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның аты қылмыстық топтар мен түрлі оқиғаларға қатысы бар деп жиі аталады. “Дикий Арман” лақап атымен танымал ол алғашқыда боксшы болған. Қазақстанның жастар құрамасында өнер көрсеткен.