
Жекпе-жектен соң жеңетініме сенімді болдым
World Boxing ұйымдастыруымен Бангкокта (Таиланд) өткен жасөспірімдер (U-19) мен жастар арасындағы (U22) бокстан Азия чемпионатында күміс жүлде алған Нұрбек Мұрсал пікір білдірді.
Ол 70 келіде бақ сынады.
«Азия чемпионатында біраз бұра тарту болды. Оған бір дәлел – менің соңғы өзбек боксшысымен өткен жекпе-жегім. Мысалы екінші раундта бір, екі соққым есептелді. Тіпті, нокдаун ашылатын сәттерде ашылмады. Әрине кіналаудан аулақпын. Бірақ қалай бар, солай айтқан дұрыс деп есептеймін. Тіпті үшінші раундта оның бір ғана соққысы дәл тиді. Одан қарағанда менде көп соққылар діттеген жеріне жетіп жатты. Жекпе-жектен соң жеңетініме сенімді болдым. Алайда төрешілер бұрмалап жіберді», - дейді боксшы pulse fighting арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Нұрбек Мұрсал Азия чемпионатының финалында өзбекстандық боксшымен жұдырықтасты. Төрешілер шешімімен өзбек боксшысы жеңіске жеткен еді.
Естеріңізге салсақ, Бақыт Сәрсекбаев бастаған жастар құрамасы бұл жарыста 5 боксшы ақтық сынға шығып, оның үшеуі чемпион атанса, қалған екеуі күміс жүлдеге ие болды.