
Хелиф 2025 жылдың маусымында Эйндховенде (Нидерланд) өткен турнирге қатыса алмаған
Париж Олимпиадасында чемпион атанып, алайда гендерлік даудың ортасында қалған алжирлік боксшы Иман Хелиф спортпен қоштасты.
Бұл туралы оның бұрынғы менеджері Нассер Йесфах француздың Nice-Matin басылымына берген сұхбатында айтты. Йесфах 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Хелифтің жеке менеджері әрі бапкері болған. Оның айтуынша, Ниццадағы Nice Azur Boxe клубы қаржылық қиындықтарға байланысты былғары қолғап шеберіне кәсіби келісімшарт ұсына алмаған. Негізі Хелиф кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін бес жекпе-жек өткізуі тиіс болған, нәтижесінде бір ғана кездесумен шектелген.
«Иман Ниццадан ғана емес, ол жалпы бокстан кетті», – деді Йесфах.
Ол сондай-ақ Хелифтің Алжирде, кейде Катарда жаттығатынын, негізінен демеушілер қаржысына күн көргенін айтты.
«Қазір ол бәрін тастады», – деп толықтырды ол.
Айта кетсек, Хелиф 2025 жылдың маусымында Эйндховенде (Нидерланд) өткен турнирге қатыса алмаған – ұйымдастырушылар гендерлік тестілеу нәтижесін күтпей-ақ оны жарыстан алып тастаған.
Естеріңізде болса, 2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Хелиф пен Тайвань спортшысы Линь Юйтинді әлем чемпионатынан шеттеткен болатын. IBA президенті Умар Кремлев жыныстық тестілеу кезінде оларда «еркектік XY хромосомасы» анықталғанын мәлімдеді. Дегенмен Халықаралық олимпиада комитеті екеуіне де Париждегі Олимпиадаға қатысуға рұқсат беріп, спортшылар алтын медальға қол жеткізді.
Алайда 2028 жылғы Олимпиада ойындарында жағдай мүлде бөлек болмақ. Бокс жарыстарын ұйымдастыратын жаңа ұйым World Boxing гендерлік тестілеуді міндетті етіп бекітті.