
Венгриялық Анна Луца Хаморимен қолғап түйістіреді
Бүгін Англияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионаты екінші жарыс күні өтеді. 5 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан екі боксшы шаршы алаңға шығады.
Атап айтсақ, Карина Ибрагимова (57 келі) грекиялық Панагита Кузилумен келесі кезең жолдамасын сарапқа салады.
Ал қарағандылық Аида Әбікеева (65 келі) венгриялық Анна Луца Хаморимен қолғап түйістіреді.
Ол бұдан бұрын Сербияның Ниш қаласында әлем чемпионы атағын жеңіп алған еді.
Жарыстың бірінші күнінде екі қазақстандық рингке шықты. Қыздар арасында Элина Базарова (54 келі) өзбекстандық боксшыға есе жіберсе, ерлерден Сағындық Тоғамбай ағылшын боксшысын төрешілердің шешімімен жеңді.
Айта кетейік, тарихта тұңғыш рет World Boxing ұйымының аясында әлем чемпионаты 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтеді. Жарысқа 68 елден 554 спортшы (329 ер, 225 әйел) қатысуда. Қазақстан намысын Англияда 20 боксшы қорғайды. Ерлер құрамасында да, әйелдер құрамасында да 10 спортшыдан бар.