
Төрешілерге ешқандай сұрақ жоқ.
Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ерлер арасында қазақстандық боксшылардан бірінші болып Сабыржан Аққалықов жарысты аяқтады. Ол алғашқы жекпе-жекте украиналық Павло Ильющакқа төрешілердің шешімімен есе жіберді.
Қазақстан боксы тарихындағы ең титулы көп бапкер, Сидней Олимпиадасында ұлттық құрамаға ең жоғары нәтиже әкелген Тұрсынғали Еділов sportarena.kz порталына берген сұхбатында Аққалықовтың не себепті жеңілгенін түсіндірді.
«Жеңіліс әділ болды, төрешілерге ешқандай сұрақ жоқ. Иә, Аққалықов үшінші раундты жақсы өткізді. Бірақ бокста бір ғана үздік раунд емес, бүкіл жекпе-жек есепке алынады. Алғашқы екі раундта украиналық боксшы айқын басым болды деп ойлаймын. Әрине, өкінішті жағдай – біздің жігіт медальға басты үміткерлердің бірі еді, бірақ алғашқы кездесуден кейін-ақ жарыстан шығып қалды. Дегенмен ол – мықты боксшы. Тек әлі «шикілеу». Дегенмен бойында зор әлеует бар.Оған тек қарсыласына өз стилін бірінші раундтан бастап күштірек таңып, төрешілерге басымдығын дәлелдеуді үйрену қажет. Бұл тәжірибемен келеді деп сенемін. Қазір ең бастысы – Сабыржан бұл жеңілісті ауыр қабылдамай, еңсесін тік ұстауы керек», – деді Тұрсынғали Еділов.