Оқырманның махаббаты. Моншадағы кездесу. Қызқұмар футболистер – ЖБ оқиға

Жәнібектің жекпе-жегі дау тудырды: Анауэль Нгамиссенге бес айдан бері гонорарын алмаған

09.09.2025, 11:38

Go Boxing Management промоутерлік компаниясы ресми мәлімдеме жасады

Жәнібектің жекпе-жегі дау тудырды: Анауэль Нгамиссенге бес айдан бері гонорарын алмаған
әлеуметтік желі

Орта салмақта әлем чемпионы атағына үміткер атанған француз Анауэль Нгамиссенге әлі күнге дейін Астанада өткен жекпе-жек үшін гонорарын толық көлемде ала алмай отыр. Бұл туралы Sports.kz Big Fight Weekend басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

5 сәуірде елордада өткен кеште қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпиондық атақтарын қорғап, қарсыласын бесінші раундта нокаутпен жеңген болатын. Алайда жекпе-жектен бері бес ай өтсе де, Нгамиссенге уәде етілген қаржының небәрі 15%-ын ғана алған.

Go Boxing Management промоутерлік компаниясы ресми мәлімдеме жасап, бірнеше ай бойы ақшаны өндіріп алуға тырысқанын айтты:

«Бұл оқиға жеңіліспен аяқталғанына қарамастан, жақсы естелік болып қалар еді. Бірақ бүгін, арада бес ай өтсе де, Анауэль толық гонорарын алған жоқ. Біз ұйымдастырушылардан тиесілі соманы төлеуді талап етіп келеміз», – делінген хабарламада.

Компания WBO, IBF, сондай-ақ Жәнібектің мүддесін қорғайтын Top Rank және кештің ұйымдастырушысы Nomad Promotions атына ресми өтініш жолдаған.

Француз боксшысының менеджері Ли Итон да әлеуметтік желіде:

«Сіздің компанияңыз сәуір айында жекпе-жек өткізген Анауэль Нгамиссенгеге тиесілі қаржыны қашан төлейді? Әдетте чектер мұнша кешікпейтін», – деп Nomad Promotions өкіліне ашық сауал тастады.

Бұл жағдайға қатысты шағымданған тек Нгамиссенге емес. Маусым айында шоуға қатысқан британдық ұйымдастырушы Тейлор О’Хиггинс те әлі еңбекақысын ала алмай жүргенін жариялады. Ол боксшылар мен олардың командаларына қатысты логистика мен орналастыру мәселелерін шешумен айналысқан. Тағы бір анонимді дереккөз де өз қызметі үшін ақы алмағанын растаған.

Big Fight Weekend редакциясы Nomad Promotions компаниясымен байланысуға тырысқанымен, олардың ресми сайтында көрсетілген электрондық поштаның жұмыс істемейтіні анықталды. Ал компания басшылығы басылымның сұрағына жауап бермеген.

Айта кетейік, аталмыш бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссенгеден бөлек, Қазақстанның белгілі спортшылары Сұлтан Зауырбек, Балауса Мұздыман, ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандар, сондай-ақ Батыр Жүкембаев өнер көрсеткен. Сонымен қатар өзбекстандық боксшы Баходир Жалолов та шаршы алаңға шыққан еді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 3
Күлкілі 8
Ашулану 2
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам