
Олимпиадада тамаша нәтиже көрсетеміз.
Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымдастыруымен алғашқы әлем чемпионаты аяқталған соң, Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов пен Өзбекстан командасының жаттықтырушысы Толқын Киличев бір-біріне ізгі лебіздерін білдірді.
Желіде тараған бейнероликте қос бапкер жоғары нәтиже үшін бір-бірін құттықтап, сәттілік тіледі.
Қайрат Сатжанов:
«Құрметті жанкүйерлер, бізді жеңіспен құттықтаңыздар. Өзбекстан мен Қазақстан – бауырлас елдер, біз әрқашан бірге боламыз. Үлкен басшыларымыз әзілдеп: «Неге Англияға келдіңдер? Үйлеріңде-ақ спарринг жасап, қалған жүлделерді таратып алуларыңа болатын еді» деді. Екі елдің спортшылары әрдайым жоғары деңгейде болсын».
Толқын Киличев:
«Қазақстан мен Өзбекстан, халықтарымыз — біз рингте бәсекелеспіз. Бірақ рингтен тыс жерде әрқашан сыйлаймыз, біз бауырмыз. Алла қаласа, Олимпиадада тамаша нәтиже көрсетеміз. Баршаңызға денсаулық тілеймін».
World Boxing аясындағы тұңғыш әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи жетістікпен аяқталды. Қазақ боксшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал Өзбекстан құрамасы 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен екінші сатыға жайғасты.
Қазақстан мен Өзбекстан – әлемдік әуесқой бокстағы басты бәсекелестер. Әсіресе, Париж-2024 Олимпиадасынан кейін (Қазақстан – 1 күміс, Өзбекстан – 5 алтын) қазақ жанкүйерлері әрбір жарыстағы нәтижені өзбек құрамасының табыстарымен салыстырып келеді.