
Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing әлем чемпионатында ағайынды Махмұд (55 келі) пен Төрехан Сабырхан (70 келі) алтын жүлде жеңіп алды. Қос бірдей чемпионның анасы Меңтай Әсілова Jibek joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, әсерімен бөлісті.
Анасының қуанышы
Әсілова ең алдымен ұлдарын қолдаған халыққа алғыс айтты.
«Балаларамыздың жетістігіне қуанамыз. Бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекшіміз. Осы жарысқа кеткенде екі баламның да чемпион болып келеріне сендім. Махмұд бірнеше жыл жарыстарға қатысып келеді. Ал Төрехан алғаш рет ересектер санатына ауысып, бірінші жекпе-жегіне қатысты. Оның қарсыластары да үлкен әрі тәжірибелі болды», — деді чемпиондардың анасы.
Финал кезіндегі толқу
Әсілова ұлдарының жекпе-жегін ұзақ қарай алмайтынын жасырмады:
«Кешегі финалға отбасымызбен, туыстарымызбен жиналдық. Бірақ тікелей қарауға жүрегім дауаламайды. Екінші бөлмеде отырып, үй ішінің даусынан-ақ біліп отырамын. Қазір қос бірдей ұлым чемпион атанған соң әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Барлық анаға осындай қуанышты сезім тілеймін», — деді ол.
Отбасылық құндылықтар
Әлеуметтік желіде Махмұдтың Төреханды иығына көтеріп жүрген видеосы тарады. Сабырхандар — бес ағайынды, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп өскен.
«Біздің бір қыз, төрт ұлымыз бар. Бәрі де бір-біріне қамқор болып өсті. Енді ұлдарымның 2028 жылы Олимпиада чемпиондары болуын тілеймін», — деп түйіндеді мерейлі ана.
Қазақстан құрамасының жетістігі
Айта кетейік, биылғы әлем біріншілігіне 68 елден 540 боксшы қатысты. Қазақ боксшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік шығып, тарихи жеңіске қол жеткізді.