ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

10 боксшыдан рингке шығарсақ, 8:2 немесе 9:1 есебімен жеңеміз – Тулкин Киличев

17.09.2025, 19:00

Қазір бізде Өзбекстан тарихындағы ең мықты жас команда

10 боксшыдан рингке шығарсақ, 8:2 немесе 9:1 есебімен жеңеміз – Тулкин Киличев
Әлеуметтік желі

Бокстан Англияның Ливерпуль қаласында алғаш рет World Boxing ұйымының аясында әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жеті алтын, бір күміс және екі қола медальмен бірінші орын алды. Ерлер командасының еншісінде төрт алтын бар, бұл көрсеткіш турнирдегі екінші нәтиже болды. Ал бірінші орынды ерлер арасындағы бәсекеде алты алтын және бір күміс медаль иеленген Өзбекстан құрамасы жеңіп алды.

Өзбекстан ерлер құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Sports.kz тілшісіне чемпионаттағы команданың өнеріне баға беріп, төрешілер жұмысына тоқталып, Джахонгир Зокиров пен Айбек Оралбай арасындағы финал туралы пікірін білдірді.

–  Өзбекстан ерлер құрамасының Ливерпульдегі өнеріне қандай баға бересіз?

–  Өте жақсы деп ойлаймын. Оны ондық жүйемен бағалар болсам – жеті деген баға қояр едім. «Оңдық» алу үшін барлық салмақ дәрежесінде жеңіске жетуіміз керек еді. Алты алтын және бір күміс медаль –  тарихи жетістік.

–  Кім өз мүмкіндігін толық көрсете алмады?

–  Жалпы барлық боксшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Бірақ 50 келіде Шодияржон Меликузиев өз әлеуетін толық аша алмады. Сондай-ақ Шавкатжон Болтаев пен Джахонгир Зокиров бар күшін салды, бірақ өкінішке қарай жеңілді.

–  Ерлер арасында Қазақстаннан тек соңғы жекпе-жекте ғана жеңілдіңіздер ғой?

–  Дұрыс айтасыз, басқа жекпе-жектердің барлығында жеңдік деуге болады. Қазір бізде Өзбекстан тарихындағы ең мықты жас команда бар. Егер біздің құраманы кез келген елдің командасына қарсы қойса, есеп кемінде 8:2 немесе 9:1 болар еді. Тек ауыр салмақта жеңіліп қалдық. Бізге енді физикалық дайындыққа көбірек көңіл бөлу керек.

–  Зокировтың Айбек Оралбайдан жеңілуі сіз үшін ең ауыр соққы болды ма?

–  Әрине, жалпыкомандалық есеп осы жекпе-жекке тірелген соң, жеңіліс көңілге қаяу түсіреді. Бірақ тек ерлер командасының көрсеткіші тұрғысынан қарасақ, финалда 2:3 есебімен ұтылу –  қалыпты жағдай. Демек, Айбек жақсы дайындалған. Мен оны жеңісімен құттықтадым. Бәрі де біледі: біз әлемдегі ең мықты команда екенімізді тағы да дәлелдедік.

–  Қазақ боксшысының артықшылығы неде болды –  тәжірибеде ме, әлде жігерде ме?

–  Айбек жасы үлкен, тәжірибелі. Шешуші сәттерде қалай әрекет ету керегін жақсы біледі. Ал Джахонгир әлі жас, болашағы алда.

–  Турнирдегі төрешілікті қалай бағалайсыз?

–  Ерекше сын айта алмаймын. Бізді қанағаттандырмаған сәттер болды, басқалар да наразылық білдірген кездер кездесті. Бұл –  бокста жиі болатын жағдай. Жалпы, төрешілік қалыпты деңгейде өтті.

–  IBA чемпионатына қатысасыздар ма?

–  Бұл мәселе бізге байланысты емес. Егер басшылық рұқсат берсе, біз барамыз. Шешімді жоғары жақ қабылдайды.

 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Ашулану 0
×