
Қазір келіссөздер жүріп жатыр
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан боксшыға қатысты соңғы келіссөздер барысы жайлы мәлімдеді.
«Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Осы аптада тағы бір маңызды кездесу болады. Бүгін, шүкір, жаңа күн туды, тағы да талқылау бастаймыз. Біз барымызды салып, чемпиондармен жекпе-жек ұйымдастыруға тырысудамыз. Біздің командамыздың басты мақсаты – ақша емес. Негізгі арманымыз – тарихқа еніп, төрт белбеуді де иелену. Қазақ баласының төрт бірдей чемпиондық титулды жеңіп алғанын көру – біз үшін ең үлкен мақсат. Біз тек осы оймен алға қадам басып келеміз. Қойылған барлық шарттарға келісіп отырмыз. Қалай болса да, келісуге дайынбыз, тек чемпион болу үшін. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, орта салмақтағы жағдай үнемі өзгеріп тұрады. Алда не боларын көре жатармыз.Біз ұзақ күттік, енді бұдан әрі уақыт жоғалтуға болмайды. Егер бір шешімге келе алмасақ, бізде міндетті қарсыластар бар, соларға қарсы титулдарды қорғауымыз керек. Оны орындамасақ та қиындықтар туындайды. Сондықтан екі бағытта да жұмыс істеп жатырмыз», – деді Сұлтан.
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес арасындағы көптен күткен бірлескен жекпе-жек жайында хабарланған болатын.