
Америкалық промоутер күтпеген мәлімдеме жасады
Әлем боксының тарихында өз атын қалдырған қазақстандық чемпион Геннадий Головкин тағы да қызу талқыға түсті. Бұл жолы оның рингтегі беделін бағалаған – әйгілі америкалық маман, Флойд Мэйвезердің бұрынғы промоутері Леонард Эллерби.
Қазіргі таңда Джервонта Дэвиспен жұмыс істеп жүрген ол GGG-дің қарсыластарына қалай ықпал еткенін мысалға келтірді. Эллербидің айтуынша, Головкин нағыз бабында жүрген жылдары кез келген қарсыластың қорқынышты түсіне айналған.
«GGG-дің шарықтау шегіндегі күші – қарсыластардың бас тартуына басты себептердің бірі болды. Онымен рингке шығу – бет-аузыңды майып қылу деген сөз еді», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл пікірді америкалық журналист Райан Сонгалия да қолдап, Головкиннің тек жеңістермен емес, соққысының ауырлығымен ерекшеленгенін айтты.
«Оның қарсыластары жеңілуден емес, жарақат алудан сескенді. GGG шынымен адамға ауыр соққы жасайтын», – деді ол.
Головкиннің ұзақ жылдар бойы кәсіби мансабын басқарған промоутер Том Лёффлер де бұл пікірге қосылды. Оның сөзінше, команда қарсыластарға бұрын-соңды болмаған гонорарлар мен чемпиондық белбеулерді ұсынғанымен, көпшілігі шаршы алаңға шығуға келіспеген.
«Бұл – Головкин соққысының шын мәнінде қаншалықты жойқын болғанының дәлелі. Ол 2011–2016 жылдары бокстағы ең қауіпті спортшылардың бірі болды», – деп еске алды Лёффлер.
Айта кетейік, Геннадий Головкин соңғы рет 2022 жылы шаршы алаңға шыққан. Бүгінде ол кәсіби мансабын аяқтап, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті және World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы қызметін атқарады.