
Командалық есеп бойынша Түркістан облысы бірінші орын алды
Семей қаласы араға 29 жыл салып бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын қабылдады. Биылғы біріншілік тартысқа толы болып, көпшілік жаңа есімдер мен жарқын жеңістерге куә болды.
Ерлер арасында үздік боксшы атағы 23 жастағы қарағандылық Сабыржан Аққалықовқа (75 келі) бұйырды. Ол қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен ұтып, финалда да сенімді жеңіске жетті.
Естеріңізде болса, Сабыржан Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы сәтсіз өнерінен соң жанкүйерлерге ауыр сөздер айтамын деп, сынға ұшыраған еді.
Ал әйелдер арасында Жазира Орақбаева (51 келі) үздік атанды.
Биылғы чемпионатта бірқатар жаңа есімді көрдік. Ерлерден 85 келі салмақтағы 20 жастағы Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы) алғаш рет ел чемпионы атанып, турнирдің ең жас жеңімпазы болды.
Ал әйелдер арасында бірден төрт жаңа чемпион шықты:
Элина Базарова (21 жас, 54 келі),
Ұлжан Сәрсенбек (20 жас, 57 келі),
Бақыт Сейдіш (20 жас, 70 келі),
Валерия Аксенова (24 жас, +80 келі).
Чемпионаттың тағы бір ерекшелігі – ең жасы үлкен чемпион атағын 34 жастағы Әйгерім Сәттібаева (48 келі) иеленді. Бес баланың анасы соңғы рет 2010 жылы топ жарған еді, араға 15 жыл салып қайтадан чемпион атанды.
Ерлер арасындағы жеңімпаздардың тізімі.
50 келіде – 23 жастағы Даниал Сәбит (Батыс Қазақстан облысы),
55 келіде – 27 жастағы Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы),
60 келіде – 27 жастағы Серік Теміржанов (Павлодар облысы),
65 келіде – 26 жастағы Санатәлі Төлтаев (Маңғыстау облысы),
70 келіде – 28 жастағы Абылайхан Жүсіпов (Қарағанды облысы),
75 келіде – Сабыржан Аққалықов (Қарағанды облысы),
80 келіде – 23 жастағы Ерасыл Жақпеков (Абай облысы),
85 келіде – 20 жастағы Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы),
90 келіде – 24 жастағы Сағындық Тоғамбай (Түркістан облысы),
+90 келіде – 27 жастағы Нұрлан Сапарбай (Түркістан облысы) топ жарды.
Жалпы командалық есеп бойынша Түркістан облысы бірінші орын алды – 4 алтын, 1 күміс және 3 қола.
Одан кейін Алматы қаласы мен Шымкент қаласы тең көрсеткішке ие болды – әрқайсысы екі алтыннан иеленді.