ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Әлімханұлы келесі қарсыласының есімін атады

01.11.2025, 15:37

Теренс Кроуфорд Жәнібекке алдағы Ларамен жекпе-жегіне сәттілік тілеген

Әлімханұлы келесі қарсыласының есімін атады
әлеуметтік желі

Орта салмақта IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) алдағы жекпе-жектері туралы жоспарын бөлісті.

6 желтоқсанда 32 жастағы Жыланды ауылының тумасы рингке шығып, WBA белбеуінің иегері кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) кездеспек. Бұл айқаста бірден үш чемпиондық белбеу сарапқа салынады.

Осы жаңалықтан соң бокс сарапшыларының бірі пікір білдіріп, егер екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы америкалық Теренс Кроуфорд төмен салмаққа түсуге бел буса, онда алдымен WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) кездесуі қажет екенін айтты.

«Егер Бад Кроуфорд 160 фунтқа (орта салмаққа) түсу туралы шешім қабылдаса, оған алдымен WBC чемпионы Карлос Адамеспен жұдырықтасып, одан кейін Жәнібек (WBO және IBF чемпионы) пен Эрисланди Лараның (WBA чемпионы) арасындағы жеңімпазбен кездескені жөн. Осылайша, ол 2026 жылы екі үлкен жекпе-жек өткізе алады», - деп жазды сарапшы әлеуметтік желіде.

Алайда бұған қатысты Әлімханұлының өз болжамы бар болып шықты.

«Оған (Кроуфорға) Адамеспен жұдырықтасудың қажеті жоқ. Мен Лараны да, Адаместі де жеңемін, төрт белбеудің бәрін өзім иеленемін. Содан кейін ол асықпай менімен жекпе-жекке дайындала алады», - деп жауап берді Жәнібек.

Бұған дейін Әлімханұлы үш чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жектен кейінгі келесі қарсыласының есімі де белгілі болған еді.
Айта кетейік, Теренс Кроуфорд жақында ғана видеоүндеу арқылы Жәнібекке алдағы Ларамен жекпе-жегіне сәттілік тілеген.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам