Дегенмен, ойын барысында 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза шеберлігін көрсетті
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойынында Португалияның «Спортингінен» сырт алаңда ірі есеппен ұтылды. Ойын Лиссабондағы «Жозе Алваладе» стадионында өтіп, алаң иелерінің пайдасына 4:1 есебімен аяқталды.
Бірінші таймның ортасында «Спортинг» пенальти соғу мүмкіндігіне ие болды. Алайда капитан Мортен Юльманнның қақпаға бағыттаған соққысын небәрі 18 жастағы қазақстандық қақпашы Шерхан Қалмұрза қайтарып, өзінің шеберлігін көрсетті. Дегенмен үзіліске санаулы минуттар қалғанда португалиялық вингер Франсишку Тринкау алыстан соққы жасап, есеп ашты (44-минут). Голға грузин футболшысы Георгий Кочорашвили нәтижелі пас берді.
Екінші таймда Тринкау тағы бір гол соғып, дубльдің авторы атанды (64). Бұдан кейін алаң иелері қысқа уақыт ішінде есепті ірілендірді: 66-минутта Алиссон Сантос, ал 68-минутта Жеовани Кенда мергендігімен көзге түсті.
Алматылық клубтың жалғыз голы 86-минутта тіркелді. Ойынға қосалқы құрамнан шыққан бразилиялық шабуылшы Эдмилсон Рикардиньо бір қимылмен қақпаға бағыттап, есеп айырмасын қысқартты.
Бұл жеңістен кейін «Спортинг» алғашқы үш ұпайын еншілеп, топтағы көшбасшылар қатарына қосылды. Ал «Қайрат» ұпайсыз қалып, төменгі орынға жайғасты. Айта кетейік, алматылықтар үшін бұл матч Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі дебюттік ойын болды.
Келесі турда, 30 қыркүйекте, «Қайрат» өз алаңында испаниялық «Реалды» қабылдайды.