
Бапкер: Команда әлдеқайда жинақы, ұйымдасқан түрде ойнауға тиіс
«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алдағы Чемпиондар лигасындағы «Реалға» қарсы матч қарсаңында пікір білдірді.
«Әрине, ең табысты нәтиже – бұл жеңіс. Бірақ біз үшін бастысы тек нәтиже емес, ойынның сапасына мән беру. Өткен Лиссабондағы кездесуде кей сәттерде жақсы ойнадық. Қарсыласымыз бізден әлдеқайда жоғары деңгейде болғанына қарамастан, жігіттеріміз бірнеше мүмкіндіктер жасап, бір гол соқты. Бұл да үлкен алға жылжу деп санаймыз.
Ал «Реалдың» деңгейі бұдан да жоғары. Сондықтан бізге ең маңыздысы — ойынды толыққанды, біртұтас көрсету, алдыңғы матчтағыдай үзілістер мен қателіктерге жол бермеу. Ол ойында көп күш жұмсап, кейінгі кезеңде концентрацияны жоғалтып алдық. Мұндай қарсыластармен ойнағанда әр секундта сергек әрі жинақы болу қажет.
Әрине, ойын барысында ойыншылар шаршайды, ал шаршаған сәтте зейін төмендейді. Бұл – біз шешуге тиіс мәселе. Өкінішке қарай, ұзақ сапарлар да әсер етті. Бірақ «Реалға» қарсы Алматыдағы матчта басқа картина болады деп сенеміз: команда әлдеқайда жинақы, ұйымдасқан түрде ойнауға тиіс.
Біз ойыншыларға екінші таймдағы алғашқы он бес минуттағы қарқынды ойынды басынан бастап көрсетуіміз керек екенін түсіндірдік. Енді соған барынша ұмтылуымыз керек», - деді Уразбахтин.
Айта кетейік, грекиялық Koutipandoras.gr сайтының жазуынша, «Реалдың» «Қайратқа» қарсы кездесуі Чемпиондар лигасында испандық клуб үшін ең ауыр сынақтардың бірі болмақ.