
Қонақүй алдағы бірнеше күн бойы тек «Реалға» қызмет көрсетеді
28-інен 29 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайына мадридтік «Реалдың» Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Джуд Беллингем бастаған жұлдызды құрамы арнайы чартерлік рейспен қонды.
Жүздеген жанкүйер Алматы әуежайына жиналып, мадридтік команданы ерекше ықыласпен қарсы алды. Ойыншыларға ұлттық тағам – бауырсақ ұсынылып, ал Чемпиондар лигасының әнұранын қазақтың халық аспаптар ансамблі орындады. Бұл сәт қонақтарға да, жанкүйерлерге де ұмытылмас әсер қалдырды.
Испаниялық клубтың футболшылары мен бапкерлік штабы Алматыдағы ең беделді қонақүйлердің бірі – InterContinental Almaty-ға орналасты. Қонақүй алдағы бірнеше күн бойы тек «Реалға» қызмет көрсетеді. Сол себепті өзге қонақтарға бронь жасау уақытша тоқтатылған. Онлайн-сервистер мен ресми байланыс нөмірлерінде бос орын тек 1 қазаннан бастап қолжетімді. Бұл 277 бөлмесі бар 15 қабатты кешеннің толығымен испандық клуб иелігіне берілгенін көрсетеді.
InterContinental-дың басты артықшылығы – Орталық стадионға жақындығы ғана емес, сонымен бірге қауіпсіздік деңгейінің жоғары болуы. Қонақтарға арналған жеке кіреберіс, арнайы күзет жүйесі және бөлек жабық қабаттар қарастырылған.
Матч 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Астана уақытымен Орталық стадионда өтеді. Бұл мадридтік клубтың еурокубок тарихындағы ең алыс сапары болып отыр. Сол себепті Карло Анчелотти шәкірттері Қазақстанға негізгі құраммен келуді құп көрді.