
Қорытынды есеп – 0:5.
UEFA Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі 2-турда алматылық «Қайрат» Орталық стадионда мадридтік «Реалды» қабылдады.
Матчты италиялық төреші Марко Гуида басқарды. Кездесу қарқынды басталып, алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ қонақтарға қысым көрсетті. Алайда «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуа сенімді ойнап, «Қайрат» шабуылдарын тойтарды.
25-минутта қақпашы Шерхан Қалмырза айып алаңында Франко Мастантуононы шалып жығып, төреші пенальти белгіледі. Оны Килиан Мбаппе мүлтіксіз орындап, есеп ашты. Бірінші таймда испандықтар тағы бірнеше мүмкіндік жасағанымен, таблодағы көрсеткіш өзгермеді.
Екінші кезеңде «Реал» басымдықты толық өз қолына алды. 52-минутта Мбаппе дубльдің авторы атанса, 74-минутта хет-тригін рәсімдеді. Ойын соңына қарай Эдуарду Камавинга (83-минут) мен Браим Диас (89-минут) нәтижелі соққыларымен көзге түсіп, қорытынды есепті бекітті – 0:5.
Бұл ойынды 22 788 жанкүйер тамашалады. Өкінішке қарай, қазақстандық клуб өз алаңында сенімді ойын көрсеткенімен, тәжірибелі қарсыласына есе жіберді.
Айта кетейік, 1-турда «Қайрат» сырт алаңда лиссабондық «Спортингтен» 1:4 есебімен жеңілген болатын. Ал «Реал» өз алаңында «Марсельді» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Алматылықтар топтық кезеңде енді Кипрдің «Пафос», Италияның «Интер», Данияның «Копенгаген», Грекияның «Олимпиакос», Бельгияның «Брюгге» және Англияның «Арсенал» клубтарымен кездеседі. Бұл – «Қайраттың» алдына үлкен сынақтар күтіп тұрғанын көрсетеді.