«Қайраттың» ең үлкен сынағы — Мбаппе, Винисиус, Беллингем үштігі
Бүгін Лига чемпионатының негізгі кезеңінде алматылық «Қайрат» өз алаңында әлемнің ең атақты клубтарының бірі — мадридтік «Реалға» қарсы ойнайды. Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда жергілікті уақыт бойынша 21:45-те басталады.
Алдағы ойынға байланысты қазақстандық белгілі футбол маманы Болат Есмағамбетов Sports.kz тілшісіне пікір білдірді.
«Реалдың» Алматыға келер қарсаңында мадридтік дербиді бәріміз тамашаладық. «Атлетико» қарсыласты алаңда толықтай тұсады, «корольдік клуб» стандарттан екі рет қақпаға гол жіберіп алды. Өз кезегінде олар да шабуылда шеберлік танытты. Бірақ команда ойынында әлі Модрич пен Кроос секілді орталықты ұстайтын ақылды ойыншылардың жетіспейтіні байқалады. Алматыдағы матчқа келсек, фаворит анық — ол әрине «Реал». Дегенмен, «Қайраттың» өз алаңындағы ойындары әрқашан өзгеше өрбиді. Жанкүйерлердің қолдауы, үйреншікті алаң — бәрі де қосымша күш береді. Мұндайда ең маңыздысы — батылдық. «Қайрат» қорықпай, шегінбей, күреске кірісуі тиіс. Қалғаны ойын барысында айқындалады», — дейді маман.
Есмағамбетовтің айтуынша, мадридтіктерден позициялық шабуылдың көп болары сөзсіз, ал қазақстандық клубқа тәртіп пен ұйымшылдық қажет. Әсіресе, стандартты жағдайларды тиімді пайдалану үлкен рөл ойнайды.
«Қайраттың» ең үлкен сынағы — Мбаппе, Винисиус, Беллингем үштігі. Бұларға жеке де, топтасып та қарсы тұру керек. Оның үстіне, «Реал» жас қақпашыға соққы жасайтынын жақсы біледі. Сондықтан алыс қашықтықтан соққыны жиі көреміз. Жақында ғана олар Ла Лигадағы «Эспаньолға» екі голды дәл осылай соққан болатын. Лига чемпионаты — мүлде басқа деңгей: мұнда әр ойын — жеке тарих. «Мен «Қайрат» футболшыларына тіпті қызғанышпен қараймын. Өйткені, мұндай қарсыласпен ойнау — тәжірибе ғана емес, үлкен мектеп. Бүгін алматылықтарға әлем құрамасы қарсы шыққалы тұр», — деді сарапшы.
Сөзінің соңында ол футболшыларға тілек білдірді:
«Егер сен күрессен, бұл әлі жеңіс емес. Бірақ күреспесең — ол міндетті түрде жеңіліс. «Қайратқа» шыдамдылық, батылдық және сәттілік тілеймін. Бұл матч олардың тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз».
Қайраттықтар турнирді Лиссабонда португалиялық «Спортингтен» 1:4 есебімен ұтылып бастаған еді. Ал мадридтіктер өз алаңында Францияның «Марселін» 2:1 есебімен жеңіп, алғашқы ұпайын еншілеген.