
Матчты италиялық төреші Марко Гуида басқарды
Алматылық «Қайраттың» капитаны Александр Мартынович Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі мадридтік «Реалға» қарсы ойында (0:5) өз пікірін білдірді.
– Ойынның алғашқы жиырма минуты біз үшін үміт сыйлады. Қарсыласты жоғарыдан қарсы алып, қысым жасауға тырыстық. «Реал» бізден мұндай батылдықты күтпеген де шығар. Бірақ көп ұзамай олар жағдайды өз қолына алды. Жылдам шабуылшылары бар мұндай командаға қарсы кеңістікті ашып беру біз үшін қауіпті болып шықты, – деді ол.
– Матч алдында мамандар екі команданың деңгей айырмашылығын жиі сөз етті. Бұл алаңда қаншалықты байқалды?
– Иә, айырмашылықты сезінбеу мүмкін емес еді. Біз көп уақыт бойы допсыз ойнадық, қорғанысқа жүктеме түсті. Ал қарсылас ойыншылары қысым астында да еркін қимылдайды: допты қабылдап, еш қиындықсыз ойынды жалғастыра береді. Бұл – нағыз шеберліктің көрінісі, – деді Александр Мартынович.
Айта кетейік, UEFA Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі 2-турда алматылық «Қайрат» Орталық стадионда мадридтік «Реалды» қабылдады.
Матчты италиялық төреші Марко Гуида басқарды. Кездесу қарқынды басталып, алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ қонақтарға қысым көрсетті. Алайда «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуа сенімді ойнап, «Қайрат» шабуылдарын тойтарды.