Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Нәтиже қуантарлық емес»: Әйелдер құрамасының бас бапкері Азия чемпионатына қатысты пікір білдірді

11.04.2026, 10:11

Сондай-ақ, ол Жәмила Бақбергеноваға қатысты да пікірін айтты

«Нәтиже қуантарлық емес»: Әйелдер құрамасының бас бапкері Азия чемпионатына қатысты пікір білдірді
Қазақстан күрес федерациясы

Бішкекте күрестен өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы бәсекелер мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы бұл сында жалғыз қола медальмен шектелді. Аталған жүлдені 76 келіде Гүлмарал Еркебаева иеленді.

Жарыс соңында құраманың жуырда тағайындалған бас бапкері Нұрсұлтан Теміров қорытынды жасап, бұрымды балуандардың аяқ алысына баға берді.

«Әйелдер күресінен ҚР ұлттық құрамасы Азия чемпионатын жалғыз жүлдемен аяқтады. Жарыстың қорытындысы бойынша қыздардың деңгейін көрдіңіздер. Алда Азия ойындары, әлем чемпионаты бар. Соған дайындалып, өз жұмысымыздың нәтижесін сол жерде көрсетеміз деп ойлаймын. Азия чемпионатына екі ай қалғанда құрамаға бас бапкер болып тағайындалдым. Оған дейін жеке бапкер ретінде жұмыс істедім. Команданы жалпы көріп, қыздарды бақылап, тексеріп жатырмын. Бұл Азия чемпионатына қатысқан құрам былтыр желтоқсан айында өткен ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталған болатын. Нәтижесі қуантарлық емес», - деді бас бапкер.

Нұрсұлтан Теміров сондай-ақ, төл шәкірті Жәмила Бақбергенованың неліктен бұл сында жүлдесіз қалғанына да пікір білдірді.

«Күрес спортының деңгейін барлық жанкүйерлер біледі. Менің жеке шәкіртім бұған дейін нәтиже көрсетіп жүрген еді. Алайда қызымыздың бағы шаппады ма білмеймін, Азияда жүлдесіз қалды», - деді ол.

Дегенмен, алда ел кубогынан кейін құрама қайта жасақталып, Азия ойындарында сынға түсетін балуандар тізімі белгілі болмақ.

«Құраманы жасақтау бойынша алдағы уақытта ҚР кубогы өтеді. Сол ішкі жарыста топ жарған спортшылардан құрама қайта жасақталады. Кейін олар Венгрия мен Моңғолияда өтетін екі әлемдік рейтингтік турнирге қатысып, сыртқы жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткендерден Азия ойындарына баратын құраманы анықтаймыз. Жаттығу барысында да өзгерістер болады. Жұмыс енді басталғандықтан, дисциплина мен тәртіп жағынан да жұмыстар атқарылып жатыр», - деді Нұрсұлтан Теміров.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам