Дзюдошы бүгін әлемнің екі дүркін қола жүлдегері атанды
Дзюдодан Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақыноваға жанкүйерлері ерекше құрмет көрсетті. Атап айтқанда, Абибаның жеке бапкерінің сыныптасы Ілияс Назаров спортшыны тортпен құттықтап келген.
«Абу-Дабиде тұрып жатқаныма бір жарым жылдай болды. Абибаның бапкері Мейірімжан екеуміз сыныптаспыз. 2020 жылдан бастап шетелде тұрамын. 2021 жылы да Ташкентте Абиба қола жүлде алғанда күтіп алып, арнайы құттықтадық. Қазақ болған соң қай жерде жүрсек бір-бірімізге қолдау көрсетеміз», - деді Ілияс Назаров.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова бүгін әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Шешуші сында отандасымыз түрік қызы Тугше Бедерді жеңген болатын.