Жаңа шығарылым! Англия жеңіледі. Саутгейт ақымақ адам!

«Жаңа ереже дзюдоның сәнін құртып жатыр»: Абу-Дабиде жеңіліп қалған Ғұсман Қырғызбаевпен сұхбат

20.05.2024, 17:50

Ол енді бар үмітті Олимпиада ойындарына артып отыр

«Жаңа ереже дзюдоның сәнін құртып жатыр»: Абу-Дабиде жеңіліп қалған Ғұсман Қырғызбаевпен сұхбат
Қазақстан дзюдо федерациясы

Дзюдодан Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатында 66 келіде өнер көрсеткен Ғұсман Қырғызбаев жарыс жолын алғашқы айналымда аяқтады. Дегенмен, спортшымыз жеңіп тұрғанда, төрешілер жеңісті қарсыласына бергенін көрдік. Ғұсманның өзі де жаңа ережелердің жағдайды қиындатып жібергенін айтады. 

– Ғұсман, неге бұлай болды деп ойлайсыз?

– Бұл жолы әлем чемпионатында бірінші айналымнан өте алмадым. Израильдік спортшымен күрестім. Басында екі-екі шидодан болып келе жатқан. Сосын бір вазари қойғанмын, ортадағы төреші де солай деді. Бірақ сол вазариді алып тастады, неге алғанын түсінген жоқпын. Израильдік спортшы шабуылды бастағанда жерге құлап бара жатып, өзіне кері әдіс жасадым. 100 пайыз жеңдім деп тұрғанмын, басымды көтерсем, баспен қадалды деп, жеңісті соған берді. Әдісті мен бастасам, келісуге болушы еді, бірақ әдісті ол бастады ғой. Сондықтан осы жағын дұрыс түсінбей қалдық. Бапкерлер де қарсылығын білдіріп жатыр. 

– Соңғы жарыстарда сәттілік жолдас болмай жатқан секілді...

– Оқу-жаттығу жиындарында да, әлем біріншілігіндегі алғашқы айқасқа шығар алдында 100 пайыз бабымда болдым деп айта аламын. Психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да. Жаңадан шыққан ереже барлығын құртып жатыр. Бір қарағанға, менің шашым тиген секілді, дегенмен оның да басы тиген, сөйте тұра әдісті ол бастады. Дайвинг деп жатыр, бірақ видеодан қарағанда менің айналдырғаным көрініп тұр. 

Негізі жаңа ереже дзюдоның сәнін құртып жатыр.

– Катардағы әлем біріншілігінде де төрешілікке көңіл толмағандай болып еді.

– Иә, себебі шидо деп айтты, сондықтан келіспеушілік болғаны рас. Әйтпесе денсаулық жағынан ешқандай мәселе жоқ, тек реті келмей жатыр...

– Әлі де күресесіз бе?

– Әрине, бұйыртса, алда Париж Олимпиадасы күтіп тұр. Сәтін салса, Олимпиада ойындарында жақсы өнер көрсетіп, бәлкім медаль сол жақта күтіп тұрған шығар деп үміттенемін. 

– Қазақстандағы бәсекелестік жайлы не айтар едіңіз?

– Соңымыздан еріп келе жатқан інілеріміз бар, аяқ алысы жаман емес. Олар әзірге қатарға енді қосылып жатыр. Сондықтан рейтинг жағынан бәсекелестік жоқ. Қазіргі таңда рейтинг бойынша Олимпиадаға ең жақын тұрған мен.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам