Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

«Елдос, не істеп жібердің»: Сметовтің бапкері Олимпиада кезіндегі эмоциясы туралы айтты

04.08.2024, 13:49

Бұл жарыс – Елдостың 60 келіде күрескен соңғы жарысы

«Елдос, не істеп жібердің»: Сметовтің бапкері Олимпиада кезіндегі эмоциясы туралы айтты
olympic.kz

Париж Олимпиадасында 60 келіде топ жарған Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев елге оралып үлгерді. Осы орайда білікті бапкерді құттықтап хабарласып, чемпионның жүріп өткен жолы туралы шағын сұхбат құрдық.

– Аға, медаль құтты болсын! Олимпиада чемпионын тәрбиелеген қалай екен? Сезініп үлгердіңіз бе?

– Әлі сезініп үлгермедік. Эмоцияның бәрі жүректе ғой. Әлі түсіне алмай жатырмыз, өйткені абыр-сабырмен түйсінуге уақыт та болмай жатыр. Бұйыртса, спортшылардың бәрі елге оралған соң сезілетін шығар. Қатты қуандық. Ел, жұрт болып қуанып жатырмыз ғой.

– Парижге дейін де талай әңгіме болды. Шыныңызды айтыңызшы, Олимпиадада алтын болады деп күттіңіздер ме?

– Шынымды айтайын, алтын аламыз деп жоспарладық, кем дегенде жүлдегер атанамыз деп мақсат қойдық. Бірақ жеңіске жету деген оңай емес, бап пен бақ қатар келуі керек. Жеребесі дұрыс түсуі керек, Елдос жарақат алып қалмаса екен деп тіледік. Әр жаттығуы уайым болды. Күмісті де, қоланы да көрдік, енді жетпейтіні алтын ғана еді. Сол үшін де алтынды көздеп бардық.

– Финал алдында Елдосқа не айттыңыз?

– Финал жолдамасына таласта Елдос испан дзюдошысымен күресті. Жеңіске жеткен соң татамиді айналып кетіп бара жатқанда, Елдостың өзі маған: «ағай, мен ол французды жеңемін» деді. Осы сөзден соң еш күмән болған жоқ, себебі Елдос жеңемін десе, міндетті түрде жеңеді. Сөйте тұра «сақ күрес, бұл француздың жері, президенті келді» дедім. Қалай дегенмен, төрешіліктің де қалай болатынын білмейміз ғой. Бәрібір адам болған соң аздаған күдік болады.

– Рас, Франция жерінде өтіп жатқан аламан, Макронның өзі келіп тамашалады, екі шидо болды. Елдос жеңісті қалай жұлып әкетті?

– Елдостың мықтылығы көрініп тұрды. Францияның дзюдошысы негізінен жалған шабуылдар жасады. Лақтырамын деген әдіс байқалмады. Ескертуге жұмыс істегендей көрінді.

– Сіз қай сәтте Елдостың жеңімпаз атанатынын түсіндіңіз?

– Финалға шыққанда-ақ алтынның ұшы көрінді. Жартылай финалдағы жеңісінен соң Елдостың жанып тұрған көзін, өзіне деген сенімін көрдім, міне, сол сәтте оның чемпион атанатынын түсіндім.

Финалдан соң қуанғаннан: «Елдос, не істеп жібердің, не істеп жібердің? Бүкіл елді жылатып, бүкіл елді қуанттың ғой» деп айта беріппін. Бір-бірімізді құшақтап, артық сөзсіз-ақ бір-бірімізді түсіндік. Сол мақсатқа жетуге қаншама жыл кетті, талай сынақтан өттік.

Ол да «ағай, енді не істеймін?» дейді. Ауылға жетіп алған соң, өз-өзімізге келіп, сонан соң әрі қарай жоспарымызды құратынымызды айттым.

– Қай белдесу қиын болды?

– Қай кезде де ең алғашқы белдесу қиын болады. Елдос алғашқы айқасын сенімді жеңсе, әрі қарай оны тоқтату мүмкін емес. Сонан жартылай финалдағы жекпе-жек оңай соқпады. Себебі испан жігіті өте тәжірибелі. Елдос екеуі бұған дейін төрт рет кездесіп, өзара есеп 2:2 болып тұрған. Елдос оны Парижде жеңуі арқылы сол есепті 3:2-ге жеткізді.

– Басынан аяғына дейін өзіңіз секундомер болдыңыз. Аккредитация мәселесі де тек соңында шешіліпті. Сіздің жаныңызда жүретінін Елдос қай кезде білді?

– Оның өзі біраз жүйке жұқартты ғой. Нақты есімде жоқ, Францияға кетерден шамамен бір аптадай қалғанда менің баратыным белгілі болды. Ең алдымен Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов қоңырау шалып құттықтады. «Аға, қазір ғана ҰОК төрағасының алдынан шықтық. Сіздің аккредитацияңыз шешілді» деді. Екеуміз сөйлесіп жатқанда, мына жақтан Елдос қайта-қайта қоңырау соғып жатыр еді. Тұтқаны көтерсем, «ағай, сіз баратын болдыңыз» деді қуанып, «Елдос, естідім» деп бір-бірімізді құттықтап, мәз болдық. Ол: «аға, енді аз ғана қалды, бұйыртса, басты мақсатымызға жетеміз» деп тағы қуантып қойды. Мен де: «Елдос, енді соңғы рет 60 келіге салмақ қуасың» дедім. Жалпы, үнемі бір-бірімізді қолдап, күш беріп жүреміз.

– Соңғы рет дегенде, салмақ ауыстыратынын меңзеп тұрсыз ба, әлде спортпен қоштасатынын ба?

– Күресетіндей жағдай болса, ол енді 60-та емес, 66 келіде өнер көрсетеді. Қаншама жыл 60 келіде салмақ ұстау өте қиын, төзім, мінез керек. Әйтпесе әрі қарай күресетінін немесе спортпен қоштасатынын өзі шешеді.

Дзюдода қандай жарыс бар – Елдос бәрін жеңді. Тек Олимпиада алтыны жоқ еді, енді ол да бар.

– Өзге дзюдошылар жайлы да пікіріңізді біле кетсек...

– Балалардың бәрінің көзі жанып тұрды. Баптары да жаман емес еді. Елдос екеумізге бар мүмкіндікті берді, үнемі қасында жүруге, бірге жаттығу жасауға ешкім кедергі болған жоқ. Құраманың бапкерлерімен ақылдаса отырып жоспарымды айтып отырдым. «Мына жаққа келемін, осынша күн боламын» деп бірнеше ай бұрын ескертіп қоятынмын.

81 келіде Абылайхан Жұбаназар күресті, 100 келіде Нұрлыхан Шархан белдесті. Екеуінің бапкері – Қален Қалиұлы. Оларға бізге берілгендей мүмкіндік берілген жоқ. Үнемі қасында бола алмады. Данияр Шамшаев та біздің қоластымызда жүрген жігіт, оның да жанында жеке бапкері Рахымжан Қожатаев жүрген жоқ. Қаншама жарысқа қатысып, салмақ қуды, ол өте қиын. Ал бізде нақты жоспар болды: «мына жарысқа қуады, мына жерге қатыспаймыз, мына турнирге барамыз» деп алдын ала шешіп отырдық. Ал Қаленде де, Рахымжанда да жарысты таңдау мүмкіндігі болмады. Спортшылар жеке бапкері қасында жүргенде бөлек, бапкерсіз өздерін жетім қозы секілді сезініп қалады. Ешбір бапкер жеке бапкердей бола алмайды. Сондықтан білікті мамандар көмек болсын деп жеке бапкерлерін шақыртып алады. Сол дұрыс деп ойлаймын.

– Айтар алғысыңыз болса...

– Алдымен қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге, тілшілер қауымына, рахмет! Қуанышымызды бөлісіп, жан-жақтан саңлақтарымызды насихаттап жатырсыздар. Одан қалды министрлік, комитет, облыс әкімдігі мен спорт басқармасының, федерация мен ҰОК басшылығына көптен-көп рахмет! Әрине, Елдостың өзіне, оның алғашқы бапкеріне шын жүректен алғыс айтамын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам