Жаңажылдық шығарылым! Ерсін Ерік, Ермұхамед Мәулен, Олжас Байбосын, Уәлихан Қосанбай, Эльдар Аманбаев

Лос-Анджелесте Елдостың ерлігін қайталайтын басқа да шәкірттерім бар – Ғалымжан Жылгелдиев

03.01.2025, 09:26

Бірақ, Елдос Сметов келесі Олимпиадада бағын сынап көреді

Лос-Анджелесте Елдостың ерлігін қайталайтын басқа да шәкірттерім бар – Ғалымжан Жылгелдиев
olympic.kz

Париж Олимпиадасында Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медальды салған дзюдошы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев 1bol.kz тілшісіне сұхбат беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Еске салайық, даңқты дзюдошы билы Англияға оқуға кететінін мәлімдеген болатын. Ал, бапкері елде қалып, шәкір тәрбиелеумен айналыспақ.

«Елдос төрт айға Англияға тіл үйрену курсына кетіп бара жатыр. Қайда тұрады, қайда оқиды – бәрі шешіліп қойылған.

Өзім Қазақстанда боламын, Елдостан бөлек те шәкірттерім бар, соларды жаттықтырамын. Ғалымжан Қырықбай, Алтынбек Қонысбай деген балалар тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр», - деді ол.

Маман ауыр салмақта Олимпиада чемпионын шығару жоспары барын да жасырған жоқ.

«Елдос Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғанда, Ғалымжан 130 келіде өнер көрсетті. Сол уақытта Ғалымжанды да Елдостың деңгейіне жеткізсем деген арман болды. Сол жолда жұмыс істеп жатырмыз. Ғалымжан Қырықбай Дүниежүзілік универсиаданың чемпионы болды. Қаншама Гранд Слэмде жүлдегер атанып жүр. «Қазақстан барысында» жеңіске жетті. Осы турнирдің қоласы да, күмісі де, алтыны да бар. Енді Елдос секілді Олимпиада чемпионы атанса екен деген арманымыз бар», - деді бапкер.

Ғалымжан Жылгелдиев Елдостың алдағы Лос-Анджелестегі аламанда тағы бір рет топ жаруын қалайтынын да жоққа шығармады.

«Біраз уақыт өтсе де, әлі күнге дейін іштей қуаныш бар. Қазір түс сияқты. Парижде сезіне алған жоқпыз, ал елге келгенде жұрт аяғымызды жерге тигізбей, жан-жақтан құттықтап жатты. Сөйте тұра Елдос енді 2028 жылы Олимпиадада топ жарса, Париждегі жетістігін қайталаса екен деген арман-тілегіміз бар», - дейді ол.

Сонымен қатар, құрамаға шақыртылған шетелдік мамандарға қатысты да ойын ортаға салды. Оның сөзінше, шетелден қыруар қаражатқа алдыртқан мамандар отандық бапкерлерден мықты емес.

«Көмектесеміз, үйретеміз деп жатса, оған еш қарсылығымыз жоқ. Басшылық бар, солар қалай жақсы екенін білетін шығар. Дегенмен Қазақстанда да мықты мамандар бар, Олимпиаданың жүлде жиынтығын сыйлаған бапкерміз, сондықтан олар бізден соншалықты артық біледі деп ойламаймын. Олар да көрсін, көмектессін, егер көмегі тиіп, біздің жетістігімізді қайталап жатса, оған тек қуанамыз. Қолдаймын дейтінім, балаларға, бапкерлерге қосымша мотивация болатын шығар», - деп қосты ол.

Еске салайық, Елдос Сметов Олимпиада ойындарында үш рет жүлде алған қазақстандық жалғыз спортшы. Ол бұған дейін Риода – күміс, Токиода – қола және Парижде алтын медаль еншіледі. Сондай-ақ, әлем чемпионы және екі дүркін қола жүлдегері. Гранд Слэм турнирлерінде топ жарған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам