Жаңажылдық шығарылым! Ерсін Ерік, Ермұхамед Мәулен, Олжас Байбосын, Уәлихан Қосанбай, Эльдар Аманбаев

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы кәсіпқой боксқа ауыса ма? Боксшының өзі жауап берді

05.01.2025, 15:17

Базарбайұлы Азия чемпионатындағы сәтсіздік туралы да ойымен бөлісті

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы кәсіпқой боксқа ауыса ма? Боксшының өзі жауап берді
ҰОК

БАҚ беттерінде қазақстандық жас боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Таиландта өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетеді деген ақпарат тараған. Дегенмен, былғары қолғап шебері бұл мағлұматты жоққа шығарып отыр. Ол ұсыныс болғанын, бірақ өзі бас тартқанын тілге тиек етті.

«БАҚ беттерінде менің кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсететінім туралы ақпарат тарады, бірақ бұл жалған. Нақтырағы, ұсыныс түскені рас, алайда өзім бас тарттым. Бір жекпе-жек деп айтылды, сөйте тұра дайындалатын уақыт тым аз. Оның үстіне болашағымды әзірге әуесқой бокспен ғана байланыстырғым келеді. Алда жарыстар бар, бар назарды соларға аударып, тыңғылықты даярлық жасау қажет. Бала кезімнен келе жатқан армандарымды орындасам деймін. Жоспар көп, соларды жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар», - деді боксшы.

Естеріңізде болса, былғары қолғап шебері Шымкентте өткен турнирде алғаш рет 67 келіде бақ сынаса, Таиландағы Азия біріншілігінде 63,5 келіде өнер көрсетті. Енді алдағы аламандарда Мұхаммедсабырды қай салмақтан көретініміз туралы өзі былай дейді:

«Болгария мен Испанияда жарыстар өтеді, соған қатысамыз. Әзірге қай салмақта қатысатыным белгісіз, оны бапкерлермен ақылдаса отырып шешеміз. Маған екеуі де ыңғайлы. Шымкенттегі «Алматауда» оқу-жаттығу жиындары басталады, бәрі сол жерде анықталады».

Базарбайұлы Азия чемпионатындағы сәтсіздік туралы да ойын бөлісті. Ол бұл жолы да өзіне қатысты әділетсіздік болғанын жасырмады.

«Бәрі жақсы болған, дайындық та ойдағыдай өтті. Бабымда екенімді де сездім. Алтын үшін барып едім, бұйырмай қалды. Алғашқы кездесуімде жергілікті боксшымен жолымыз түйісті. Жартылай финал жолдамасы, яғни жүлдеге мүмкіндік сарапқа салынған айқас еді. Ал менің қарсыласым жартылай финалға шығатын өз елінің жалғыз боксшысы болды. Бәлкім, сондықтан да ол келесі кезеңге өтуі керек болған шығар. Әйтпесе өз өнеріме көңілім толды.

Екінші ірі турнирде осындай жағдай тіркелді. Ауыр тиді. Бапкерлерім «Ер жігіттің басына не келіп-кетпейді. Бұдан да жақсырақ дайындаламыз, бұдан да мықтырақ боласың» деп жұбату сөздерін айтты.  Туған-туыстарым да қолдау көрсетті. Қазір өз-өзіме келдім, бәрі жақсы. Мұның бәрі сынақ қой», - дейді боксшы.

Париж олимпиадасының ширек финалында да шебер өнер көрсеткен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы төрешілер тарапынан қысым көріп, келесі айналымға оның қарсыласы грузиялық Лаша Гурули өткен. Осыдан соң Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті қарсы шағым түсіргені айтылған. Осы мәселенің қалай өрбігенін боксшының өзінен сұрап білдік.

«Олимпиада кезінде қарсы шағым берілген жоқ. Негізі берілді деп мен де естігенмін, бірақ олай емес екен. «Жау кеткен соң қылышыңды босқа шаппа» деген сөз бар. Сондықтан оның бәрін қайтару мүмкін емес деп ойлаймын», - деп қорытындылады сөзін.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам