Өткен жылы жазғы Олимпиада ойындары, футболдан Ұлттар лигасының топтық кезеңі, бокстан Азия чемпионаты секілді ірі-ірі бірнеше жарыс өтті
2024 жылы қазақ спортшылары үшін жеңіл жыл болған жоқ. Әлемдік деңгейдегі жарыстар көп болды, бірақ ауыз толтырып айтатындай нәтиже көп емес. Бұл сөзімізге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Париж Олимпиадасынан кейін жасаған мәлімдемесі дәлел бола алады. Мемлекет басшысы Қазақстанның спорт саласы жемқорлыққа батқанын, жұмсалған қаржы ақталмағанын айтып, Спорт министрі болған Ермек Маржықпаевты отставкаға жіберді.
Париж Олимпиадасындағы боксшылардың сәтсіздігі, оннан астам легионердің бірде-бір медаль әкелмеуі, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның жарыстан бас тартуы – отандық жанкүйерлердің айтарлықтай наразылығын тудырды. Ал, футболдан Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы сүреңсіз ойынынан кейін жанкүйерлер тіпті түңіліп кетті.
«Бірінші бол» YouTube-каналының бүгінгі шығарылымы осы 2024 жылдың қорытындысы болмақ. Елімізге танымал спорт комментаторлары әрбір оқиғаға өз бағасын беріп, жыл үздіктерін анықтап көрді.