ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

«Алланың қалауымен» дегенге айыппұл сала ма?». Ислам Байрамуков этикалық кодекске қарсы шықты

10.07.2025, 17:01

Ол белгілі дзюдошы Елдос Сметовті мысал ретінде келтірді

«Алланың қалауымен» дегенге айыппұл сала ма?». Ислам Байрамуков этикалық кодекске қарсы шықты
Туризм жəне спорт министрлігі

Қазақстанда Спорттық этикаға енгізілген жаңа өзгерістер қоғамда қызу талқыға түсті. Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы бұйрығына сәйкес, спортшылардың тәртібіне қатысты бірқатар нақты талаптар бекітілді.

Жаңа ережелерде жарыс кезіндегі өз-өзін ұстау, қарсыласқа құрмет көрсету сынды ұстанымдармен қатар, спортшылардың діни нанымдарын ашық насихаттауына және бейәдеп сөз қолдануына шектеу қойылған.

Бұл нормаларға қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Еркін күрестен Сидней олимпиадасының чемпионы Ислам Байрамуков сақал мен діни сөздерге тыйым салуға қарсы шықты.

«Сақалға тиіссеңіздер, басқа дін өкілдеріне де айту керек. Олар да сақалын өсіреді. Біз, мұсылмандар ғана, өз-өзімізбен күресеміз де жүреміз. Бұл өмірге адам Алланың қалауымен келеді. Ендеше, «барымды салып тырыстым, бірақ Алланың маңдайыма жазғаны осы» деген сөзден қандай қауіп бар?» - дейді балуан.

Байрамуковтың пікірінше, дін жолындағы адам тәртіпті, таза болады және қоғамға теріс әсер етпейді.

«Діндегі адам күн тәртібін бұзбайды, жаман әдеттен аулақ болады. Таза жүреді, ойы таза. Сонда Алланың қалауымен деп айтқан адамға айыппұл сала ма, қалай болады?..» - деп шүйлікті ол.

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов спортта діни көзқарастың тым белсенді көрініс табуы алаңдаушылық тудыратынын жеткізіп, радикализмді ұстанатын саңлақтар көбейгенін айтып еді.

«Іс-шараларға барамыз, сонда ортамызда түрлі саланың өкілдері болады, спортшылар келеді. Сондай пікірталастың арасында «Біз халифат құруымыз керек, құрамыз да» деп ашық айтатындар бар», - деген еді.

Дегенмен Байрамуков бұл пікірге қарсы шығып, мұндай көзқарас білдірушілердің өзінің діни сауаты жоқ екенін айтты:

«Намаз оқитындарға тиісіндердің не дәреті жоқ, не түсінігі жоқ. Ойы да, денесі де таза адаммен қалай, не үшін күреседі? Біз қайта сауатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Ал біз кедергі жасаймыз».

Ол сондай-ақ белгілі дзюдошы Елдос Сметовті мысал ретінде келтірді:

«Елдос Сметов Париж олимпиадасында топ жарды, сонан соң сәждеге барды. Сонда оған да тыйым саламыз ба? Елдостың Аллаға күш-қуат бергеніне алғысын білдіргенінде тұрған не бар?.. Кейде психологияның өзі спортта жетістікке жетуге аздық етеді. Сондай кезде адамға сенім, дін керек».

Жаңа талаптарда бейәдеп сөздерге де тыйым салынған. Бұл – эмоциясы басым спорт саласында ерекше назар аударатын мәселе. Дегенмен Байрамуков бұл шектеуді орынды деп бағалады.

«Өзгелерге үлгі болатын – дзюдо спорты. Қарсыласқа құрмет деген бөлек, тіпті жеңіске де қуанғаныңды да көрсетпейсің. Теріс қылық жасасаң, бірден жарыстан шеттетілесің... Сондықтан адамда тәртіп болуы керек, ал тәртіп болуы үшін ішкі рухың жоғары болуы қажет», - дейді танымал балуан.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам