
Біздің сұраққа ұлттық құраманың бас бапкері жауап берді
Астана қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Қазақстан кубогында еркін күрес бәсекелер аяқталып, жеңімпаздар анықталса да,қоғамда неше түрлі резонанс туып жатыр. Нақтырақ айтсақ, төрешілердің жұмысына күмән келтірулер көбеюде.
Осыған байланысты еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысовпен сұхбаттастық.
– Қазақстан кубогы туралы қорытындылап өтсеңіз. Жалпы жарыстың және балуандардың деңгейі қандай?
– Жарыс өте жоғары денгейде ұйымдастырылды, барлығы жақсы өтті. Жалпы әр салмақта ойлаған балуандар жеңіске жетті.
– Қандай сенсациялар болды? Ерекше көзге түскен жастар болды ма?
– Иә, жастар өсіп келе жатыр, болашағынан үміт күттіреді. Бірақ, бұл жарыста ешқандай сенсация болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, фавориттер жеңіске жетті.
– Қазіргі уақытта төрешілердің жұмысына көңілі толмайтындар бар. Бұра тарту болды дейді. Бұған қатысты не айтасыз?
– Жарысты бастан-аяқ отырып көрдім. Төрешілердің жұмысына ешқандай мін арта алмаймын. Бәрі де өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып шықты.
– Қазақстан кубогында жеңімпаз атанғандар әлем чемпионатына қатысады деген болатын. Алайда, құраманың кейбір балуандары қатыспаса, кейбірі салмақ ауыстырып күресті. Әлем чемпионатына іріктеу бола ма, әлде осы жеңімпаздар құраманың бірінші нөмерлі балуаны болып қала ма?
– Әлем чемпионатына іріктеу әлі жалғасады. Әрине, чемпиондардың әлем біріншілігіне қатысуға 99% мүмкіндігі бар. Ел кубогында жеңімпаз атанғандар мен бұрынғы бірінші номерлі балуандар арасында іріктеу болады.
– Азамат Дәулетбеков ел кубогында бұрынғы өз салмағында емес басқа салмақта жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта қай салмақта күреседі?
– Азамат жаңа салмақта жеңімпаз атанғанымен, бұдан кейін сол бұрынғы 86 келіде жалғастыратын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Еске салайық, бұған дейін «Бірінші бол» тілшісіне Олимпиада ойындарының жүлдегері, бүгінде Жамбыл облысында жаттықтырушы болып жүрген Ақжүрек Таңатаров сұхбат беріп, төрешілер жұмысына сын айтқан болатын. Оның сөзінше, Қазақстан кубогіне төрелік еткен мамандар балуандарға қиянат жасаған.