ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

Ертуған Зейнуллинов: Курьер болғанда таңнан кешке дейін тамақты велосипедпен тасыдым

Бүгін, 10:46

Бұл уақытша ғана, бәрі жақсы болады» деп жігер берді.

Ертуған Зейнуллинов: Курьер болғанда таңнан кешке дейін тамақты велосипедпен тасыдым
ҰОК

Әлем чемпионатында жүлдесіз қалса да, жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген боксшылардың бірі – Ертуған Зейнуллинов. Ширек финалда төрешілер жеңісті тартып алғанымен, көпшілік оның Париж Олимпиадасының чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевқа қарсы көрсеткен қарымын жоғары бағалады. Бірақ Ертуғанның өмір жолы тек рингтегі батылдығымен ғана емес, спорттан қол үзбеу үшін көрсеткен табандылығымен де есте қалады.

Бір кездері ол құрамадан шеттетіліп, күнкөріс үшін курьер болып жұмыс істеген. Дегенмен бұл кезең спортшының қайсарлығын сынға салып, қайтадан ұлттық құраманың қатарынан табылуына себеп болды. Спортшы 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында кеңірек айтып берді.

– Сіздің бірнеше рет құрамадан шығып қалғаныңызды білеміз. Ол кездер қалай өтті?

– Иә, шынымды айтсам, оңай болған жоқ. Әсіресе 2021 жылы құрамадан кеткен сәтім ерекше есімде. Ол кезде спорттағы өмірім тоқтап қалғандай сезіндім.

– Сол кезде курьер болып істедіңіз ғой?

– Иә, айлықсыз қалдым. Басқа жұмыс іздедім, бірақ бәрінде таңнан кешке дейін отыру керек еді. Ал мен жаттығуды тастағым келмеді. Сондықтан амалсыз курьер болдым. Өйткені уақытты өзім реттей алдым.

– Қызмет көрсету саласында мұрнын шүйіріп қарайтындар бар. Сізге де сондай көзқарас болды ма?

– Әрине, таңнан кешке дейін тамақ жеткізіп, велосипедпен жүрдім. Түрлі адамдар жолығады. Кейбіреулер менсінбей қарайды. Бірақ мен ол жұмысты ешқашан намыс көрмедім. Себебі адал еңбек – ешқашан ұят емес.

– Сөйтіп жүргенде бапкерлердің көзіне түсіпсіз...

– Иә, бір күні тапсырыс әкетіп бара жатып, Айбек пен Нұрбек Оралбайдың бапкері Асқар Еркебаев ағайды көріп қалдым. Ұялып, жасырынып қалғым келген. Бірақ ол кісі байқап қалып, қасына шақырды. «Бұл да еңбек. Ең бастысы – адал жұмыс істеп жүрсің. Бірақ сенің орның – рингте. Қайта орал» деді. Сол сөздер мені жігерлендіріп, жаттығуымды үдеттім. Сөйтіп қайтадан құраманың сапына оралдым.

– Отбасыңыз бұл кезде қалай қолдады? Жаңа ғана үйленген кезіңіз ғой...
– Иә, ол уақытта жаңа үйленген едік. Әйелім әрдайым қолдау көрсетті. «Бұл уақытша ғана, бәрі жақсы болады» деп жігер берді. Сол сенім мені жібермеді. Бір күні велосипедпен жүрсем, басымда шлем жоқ еді. Ақша жинап, маған шлем сыйлады. Сол сәтте жүрегім елжіреп кетті. Жалпы, ол кісі сын сағаттарда жаман сөз айтып көрген емес. Осындай адаммен жолыққан – менің бақытым деп ойлаймын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×