Бұл – клубтағы жалақы кешігуіне байланысты алғашқы жағдай емес
«Астана» футбол клубында жағдай күрделеніп барады. ASnews.kz жариялаған мәліметке сәйкес, ойыншылар мен бапкерлер штабы бірнеше ай бойы жалақы алмаған.
Клуб қазір қаржылық қиындықты еңсеру үшін инвесторлар іздеп жатыр, ал кеңсе қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшкен.
Бұл – клубтағы жалақы кешігуіне байланысты алғашқы жағдай емес. 2025 жылдың мамырында да «Астананың» баспасөз қызметі қаржы мәселесі бар екенін мойындаған еді. Сол уақытта да ойыншылар мен жаттықтырушылар алдындағы қарыз өскен болатын.
2024 жылы клубтың атқарушылық өндірістер бойынша 115,3 млн теңге қарызы бар екені анықталып, оған нотариалдық әрекеттер жасауға және жаңа заңды тұлғаларды тіркеуге тыйым салынған.
Тәуелсіз аудит қорытындысы бойынша 2023 жылдың соңында клубтың міндеттемелері активтерінен асып түсіп, 549 млн теңгеден астам теріс капитал қалыптасқан.
Спорттық нәтиже жақсы болғанымен, қаржысы әлсіз
Қаржылық күйзелістерге қарамастан, «Астана» 2025 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында екінші орын алды. Соңғы турда клуб «Қайратпен» (1:1) тең түсіп, чемпиондық мүмкіндігін жіберіп алды.
Команда желтоқсанда алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастауды жоспарлап отыр.
Қаржы мәселесі шешілмейінше, клубтың жаңа маусымға дайындығы да күмән тудырып отыр.