Жанкүйерлер футбол жұлдызын көру үшін 5 мың үнді рупийін (шамамен 55 АҚШ доллары) төлеген
Үндістанда аргентиналық футбол жұлдызы, сегіз дүркін «Алтын доп» иегері Лионель Мессимен өтетін кездесу тәртіпсіздікпен аяқталды. India Today мәліметінше, іс-шараның нашар ұйымдастырылуына наразы жанкүйерлер Калькуттадағы стадионда бүлік шығарған.
Лионель Месси елге коммерциялық тур аясында келген. Ол Калькутта қаласындағы Vivekananda Yuvabharati Salt Lake Stadium аренасына табан тіреп, оны көру үшін ондаған мың жанкүйер жиналған. Алайда ұйымдастырушылық олқылықтар мен күткен үміттің ақталмауы фанаттардың ашу-ызасын туғызған.
Айта кетейік, кездесуге арналған билеттердің ең төменгі бағасы 5 мың үнді рупийін (шамамен 55 АҚШ доллары) құраған. Соған қарамастан, шара толыққанды өтпей, стадион аумағында тәртіпсіздік орын алды.
Бірнеше ай бойы футболдағы кумирін көруді армандаған үндістандық жанкүйерлер Лионель Мессимен өтетін кездесудің сәтсіз ұйымдастырылуына қатты наразы болды. Стадионның шамадан тыс лық толуы мен тәртіптің сақталмауы жағдайды ушықтырып, ақыры тәртіпсіздікке ұласты.
Куәгерлердің айтуынша, алдын ала жоспарланған құрмет шеңбері мүлде өтпеген. Алаңға шыққан сәттен бастап сегіз дүркін «Алтын доп» иегері саясаткерлердің, шенеуніктердің, танымал тұлғалардың және олардың отбасы мүшелерінің ортасында қалып қойған. Оған қоса, ондаған журналист Мессиді қоршап алған. Адамдардың тым көп жиналуына байланысты қауіпсіздік қызметі футболшының жанкүйерлермен еркін байланысуына шектеу қоюға мәжбүр болған.
Мессидің стадионда ұзақ болмайтыны туралы ақпарат тараған соң, трибуналардағы ахуал күрт өзгерді. Аргентиналық жұлдыз алаңда небәрі 10 минут қана болып, кетіп қалған сәтте жанкүйерлердің ашуы шегіне жетті. Таңғы ертемен келген көпшілік бөтелкелер лақтырып, жарнамалық тақталарды бүлдірген. Қауіпсіздік қызметі жағдайды бақылауға алу үшін дереу араласты.
Оқиғадан кейін Лионель Месси күшейтілген күзетпен, өзге де жоғары лауазымды тұлғалармен бірге стадионнан шығарылды.
Кейін Батыс Бенгалия штатының бас министрі Мамата Банерджи болған жағдай үшін жанкүйерлерден де, футболшының өзінен де кешірім сұрады. Оның айтуынша, кездесудің сәтсіз өтуіне кінәлілерді анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізіледі.
Айта кетейік, Лионель Месси «барлық уақыттың үздік ойыншысы» (GOAT) атты тур аясында Хайдарабад, Мумбаи және Делиге де бармақ. Бұл сапарда оны «Интер Майами» клубындағы әріптестері Луис Суарес пен Родриго де Пауль еріп жүреді.
Бұған дейін Калькуттада футболшының құрметіне биіктігі 21,3 метр болатын ескерткіштің салтанатты ашылуы өткен болатын.