Танымал файтер футболға бюджеттен ақша бөлуді тоқтату керек деп санайды
Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен «Бірінші бол» YouTube-каналында аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамиттің сынына қатысты пікір білдірді.
«Қуаттікі хайптің хайпі. Өзі осы футболдың арқасында аудитория жинайтын болу керек, тиісіп келе жатқанына екі жыл болды. Одан түк өзгеріп те жатқан жоқ. Қазақстан құрамасы Финляндияны жеңді, енді Еуропаға шығайын деп жатыр. Енді Еуропа чемпионатына шықсақ та ол мына түрімен сынай береді», - деді Е.Мәулен.
Естеріңізде болса, Қазақстан футболшылары Дания командасына есе жібергеннен кейін ММА файтері ел футболшыларын қатаң сынаған еді.
«Жігіттер, сендерді үш күн бұрын-ақ айырып тастады. Халықтың маңдай термен тауып берген ақшасын ақтамадыңдар. Сендерге қарапайым халықтың миллиардтаған ақшасы кетті», - деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
Өз кезегінде Ермұхамед Мәулен «Найманның» футболдан хабары аз болуы мүмкін екенін айтады.
«Біз Даниядан жеңілдік. Халықтың ақшасын сендер жерге шаштыңдар дейді. Қазақстан ұлттық құрамасы Қазақстан футбол федерациясының жалғыз командасы. Ал, Қазақстан футбол федерациясы бюджеттен нөл теңге алады. 1 теңге де алмайды. Клубтар алады. Қуат Хамит, сен футболды сынағың келе ме? Мен саған адрестерін айтайын, «Ордабасы» клубын сына, «Астана» футбол клубын сына. Осындай ірі ақшасы бар клубтарды сына. Клубтардың бәрін сына», - деп жауап берді ҚФФ өкілі танымал файтерге.
Айта кету керек, Қуат Хамит Қазақстан футболын бірнеше жылдан бері сына келеді. Оның сөзінше, мемлекет футболды қаржыландыруды тоқтату қажет.