Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Абат Айымбетов мансабын Румынияда жалғастырады

12.02.2026, 09:18

Ол былтырдан бері клубсыз жүрген. 

Абат Айымбетов мансабын Румынияда жалғастырады
Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов мансабын Румыния чемпионатында жалғастырады. 30 жастағы футболшы ресми түрде «Петролул» клубының ойыншысы атанды.

Айымбетов бүгін Плоешти қаласына барып, клубпен келісімшартқа қол қояды. Ол былтырдан бері еркін агент мәртебесінде жүрген.

Дегенмен Айымбетов жаңа команда сапында бірден алаңға шыға алмайды. Бұған екі себеп бар: біріншіден, футболшыға жаңа ортаға бейімделу қажет, екіншіден – жұмыс визасын рәсімдеу мәселесі. Ал бұл кем дегенде екі аптаға созылады.

Осыған байланысты дереккөздер футболшының «Петролул» сапындағы дебюті плей-аут кезеңінде өтуі мүмкін екенін алға тартады.

«Ал оған дейін бас бапкер Эужен Нягое шабуыл шебінде Гику Грозав пен Чикэ Рошэге сенім артуына тура келеді. Әзірге «Петролул» – Румыния чемпионатында ең аз гол соққан команда: 26 матчта небәрі 19 гол», – деп жазады Fanatik.

Футболшы соңғы рет Түркияның «Адана Демирспор» клубында ойнаған. Жазда командадан кеткеннен кейін біраз уақыт клубсыз қалып, Астанада жеке дайындалды.

Айымбетовтің ұлттық құрама сапындағы көрсеткіші мынадай: 45 матч, 9 гол. Transfermarkt порталының мәліметінше, шабуылшының қазіргі нарықтық құны 400 мың еуро деп бағаланады.

Қазақстанда ол «Ақтөбе», «Қайрат» және «Астана» клубтарының намысын қорғаса, «Адана Демирспордан» бөлек Ресейдің «Крылья Советов» командасында өнер көрсетті. Кәсіби мансабында Айымбетов 274 матч өткізіп, 68 гол соққан.

Осылайша, Абат Айымбетов Румыния чемпионатында ойнаған алғашқы қазақстандық футболшы атанып отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам