Дегенмен команда Еуропа аренасында әлі күнге дейін үлкен нәтиже көрсете алған жоқ.
Қазақстан футболындағы ең танымал клубтардың бірі – «Ақтөбе» соңғы жылдары еурокубоктарда тұрақты ойнағанымен, ірі кезеңдерге жиі өте алмай келеді. Жанкүйерлер арасында тіпті команданы «фарт жоқ клуб» деп атап, әр маусымда түрлі күтпеген сәтсіздіктер болатынын жиі айтады.
Осы тақырыпқа байланысты өз кезінде «Ақтөбе» сапында өнер көрсеткен және қазір Өзбекстан футболының танымал бапкерлерінің біріне айналған Тимур Кападзе 1bol.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында пікір білдірді.
Маман «сәтсіздік синдромы» деген ұғымға сенбейтінін айтып, мәселенің түп-тамыры дайындық пен тұрақтылыққа байланысты екенін жеткізді.
Ұзақмерзімді нәтиже тұрғысынан алғанда «сәтсіздік» деген ұғымға сенбеймін. Әрине, жекелеген матчтарда жолың болмауы мүмкін: гол кірмей, футболшылардың ойыны жүрмей қалуы мүмкін. Бірақ жүйелі түрде алып қарасақ, бәрі дайындық деңгейіне, тәжірибеге және клубтың тұрақтылығына келіп тіреледі, – деді Кападзе.
Сондай-ақ ол еурокубокта ойнау үшін тек мықты команда болу жеткіліксіз екенін, бұл деңгейде ерекше мәдениет пен тұрақты тәжірибе қажет екенін атап өтті.
Еурокубоктарда ойнау үшін мықты команда болу аз. Себебі бұл турнир жоғары деңгейде ойнау мәдениетін талап етеді. Ал ол бір күнде қалыптаспайды, керісінше жылдар бойы жиналған тәжірибемен ғана келеді, – деп түсіндірді маман.
Айта кетейік, «Ақтөбе» Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған және еурокубокқа тұрақты қатысатын клубтардың бірі саналады. Дегенмен команда Еуропа аренасында әлі күнге дейін үлкен нәтиже көрсете алған жоқ.