Британдық радиожүргізуші әрі модель Роналдумен қарым-қатынасын 2007 жылы аяқтаған
Танымал британдық радиожүргізуші әрі модель Джемма Аткинсон португалиялық жұлдызды шабуылшы Криштиану Роналдумен арадағы қарым-қатынасы аяқталғаннан кейін өзіне футболшы туралы жағымсыз ақпарат тарату үшін қомақты қаржы ұсынылғанын айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
«Біз айырылысқаннан кейін маған ол туралы жаман пікір айту үшін көп ақша ұсынды. Алайда мен бұған келіскен жоқпын. Өйткені Роналду жайлы теріс айтар ештеңем де, оған себеп те болған жоқ», — деді Аткинсон Key 103 радиосына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Роналдумен қарым-қатынасы 2007 жылдың қазан айында, футболшы «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсетіп жүрген тұста, өзара түсіністікпен әрі бейбіт түрде аяқталған. Аткинсон олардың төрт айға созылған қарым-қатынасы барысында Криштианудың өзіне әрдайым құрметпен қарағанын бірнеше рет атап өткен. Соған қарамастан, сары басылымдар одан ажырасу оқиғасын «сатуды» сұрап, түрлі ұсыныстар жасағанымен, модель мұндай әрекеттердің барлығынан үзілді-кесілді бас тартқан.
Қазіргі уақытта Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында өнер көрсетеді. Ол 2016 жылдан бері испаниялық модель Джорджина Родригеспен қарым-қатынаста. Жұп бес баланы тәрбиелеп отыр: олардың екеуін Джорджина дүниеге әкелсе, тағы үшеуі суррогат ана арқылы өмірге келген.