Тергеу әлі жалғасып жатыр.
Түркия құқық қорғау органдары ел чемпионатындағы заңсыз бәс тігу мен матч нәтижелерін манипуляциялау ісі бойынша 32 күдіктіні қамауға алды. Бұл туралы Hurriyet Daily News басылымы мәлімдеді.
Прокуратураның ресми мәлімдемесінде тергеу ауқымының кеңейіп жатқаны айтылған. Күдіктілер арасында бірнеше кәсіби клубтың жоғары лауазымды қызметкерлері бар.
«Түркия билігі кәсіби лигалардағы матч нәтижелерін қолдан бұрмалау және заңсыз бәс тігу күдігіне байланысты жүргізіліп жатқан тергеу аясында бірнеше футбол клубының 32 жоғары лауазымды қызметкерін ұстады.
Прокуратура таратқан баспасөз хабарламасында күдіктілердің өз командалары қатысқан матчтарға, тіпті ресми кездесулерде қарсыластарына да бәс тіккені айтылған.
Соңғы операция ең алдымен клуб басшыларына бағытталды.
Әкімшілері ұсталған клубтардың қатарында Суперлигада өнер көрсететін «Гёзтепе», «Коньяспор», «Аланьяспор», «Антальяспор», «Коджаэлисспор», «Генчлербирлиги» және «Сивасспор» бар.
Полиция 10 провинцияда үйлестірілген рейдтер жүргізді. Билік өкілдері тағы бір адамды іздестіріп жатқанын мәлімдеді», - деп жазады басылым.
Осылайша, Түркия футболын дүр сілкіндірген дау елдегі кәсіби лигалардың беделіне елеулі соққы болуы мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр, ал күдіктілердің кінәсін сот анықтайды.