Ол жарақатына байланысты біраз уақыт алаңға шыға алмады.
«Ақтөбе» клубының жартылай қорғаушысы Марио Рабиу жаңа маусым алдында командадан кетуі ықтимал.
26 жастағы нигериялық футболшы өткен маусымда ауыр жарақат алып, бір жылға жуық уақыт алаңға шыға алмады. Ал сапқа қайта қосылғаннан кейін Рабиу «Ақтөбедегі» легионерлер лимитіне байланысты қиындыққа тап болды. Себебі қазіргі таңда командадағы шетелдік ойыншылардың орындары толық, яғни бапкерлер штабы оны негізгі жоспарға енгізбеген көрінеді.
Дереккөз мәліметінше, «қызыл-ақтар» келісімшарттағы кейбір тармақтарға байланысты ойыншымен біржақты қоштаса алмай отыр. Осыған байланысты клуб Рабиуды ҚПЛ-ның өзге командаларына ұсынып көрген. Алайда әзірге оны қатарына қосқысы келетін ұжым жоқ тәрізді. Сондықтан нигериялық футболшы «Ақтөбемен» бірге жаттығуын жалғастырып жатыр.
Марио Рабиу Қазақстанға дейін Италияның «Модена», «Гроссето», «Витербезе» клубтарында, сондай-ақ Албанияның «Скендербеу» командасында өнер көрсеткен. Transfermarkt порталы оның трансферлік құнын 100 мың еуроға (шамамен 58 миллион теңге) бағалайды.