Биыл ол клуб деңгейінде тоғыз матчқа қатысты.
Мысырлық шабуылшы Мохамед Салах маусым соңында «Ливерпуль» клубынан кетуі ықтимал. BBC мәліметінше, футболшының жазғы трансфер кезінде командамен қоштасуы мүмкін.
33 жастағы Салах былтыр клубпен екі жылдық жаңа келісімшартқа қол қойған еді. Алайда өткен жылдың желтоқсан айында ол ұжымнан мерзімінен бұрын кету ықтималдығы бар екенін айтып, жанкүйерлерді алаңдатып қойды. Танымал аяқдоп шебері бірнеше матчта негізгі құрамға енбей қалуына байланысты бапкерлер штабына ренішін білдірген.
Бірақ Салах Африка Ұлттар кубогынан оралғалы бері негізгі құрамда тұрақты түрде алаңға шығып жүр. Сөйте тұра дереккөздер мысырлық жұлдыз жазда кетеді деп топшылап отыр.
Ақпаратқа сәйкес, Салах мансабын Сауд Арабиясының Про-Лигасында немесе АҚШ-тың MLS чемпионатында жалғастыруы мүмкін.
Айта кетейік, 2026 жылы ол клуб деңгейінде тоғыз матч өткізіп, екі гол соқты.