Нақты мерзімін айта алмаймын
Мәскеудің «Динамо» клубының бас дәрігері Михаил Бутовский Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бактиёр Зайнутдиновтің жалпы топқа қашан қосылатыны жайлы пікір білдірді.
– Ол ең жоғары қарқынға төтеп бере алатын жағдайға жеткенде ғана жалпы топпен жаттығуды бастайды.
– Шамамен қашан қосылады деп күтуге болады?
– Біз балгер емеспіз ғой. Барлығы медициналық және бапкерлік штаб тұрақты түрде жүргізетін тест нәтижелеріне байланысты. Қазіргі деректерге сәйкес, Зайнутдиновқа әзірге жеке жаттыққан дұрыс, – деді клуб дәрігері.
Айта кетейік, «Динамоның» бас бапкері Ролан Гусев те жартылай қорғаушының жағдайына қатысты пікір білдірді. 2026 жылғы алғашқы ресми матчта мәскеулік клуб Ресей Премьер-лигасының 19-туры аясында самаралық «Крылья Советов» командасын 4:0 есебімен жеңді. Алайда қазақстандық футболшы жарақатына байланысты бұл кездесуге қатысқан жоқ.
– Мен өзім де оны асыға күтіп жүрмін, күн сайын көріп жүрмін. Бұл сұрақты медициналық штабқа қойған дұрыс шығар, олар нақтырақ түсіндіреді. Біз оны күтіп жүрміз, ол қалпына келу үстінде. Нақты мерзімін айта алмаймын, – деді Гусев баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, 27 жастағы Зайнутдинов былтыр 19 қазаннан бері алаңға шыққан жоқ. Сондай-ақ ол қысқы оқу-жаттығу жиындарындағы жолдастық кездесулерге де қатыспады.
2025/26 жылғы маусымда «Динамо» сапында он матч өткізген Бактиёр бір сары қағаз алған. Былтыр қазан айында алған ауыр жарақатына байланысты ол ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды.