Оның айтуынша, ойыншылар аузын жауып, балағат сөз айтады
ФИФА президенті Джанни Инфантино алаңдағы жанжал кезінде аузын қолымен немесе жейдесімен жауып сөйлейтін футболшыларға қатаң шара қолдануды ұсынды. Sky News арнасына берген сұхбатында ол мұндай жағдайда ойыншы қарсыласын балағаттады деген презумпция негізге алынуы тиіс деп отыр.
«Мұндай қағида болуы керек: Егер футболшы аузын жауып сөйлесе, демек ол айтуға болмайтын сөз айтқан. Әйтпесе, аузын жабудың қажеті болмас еді», - деді Инфантино.
Әзірге Инфантиноның ұсынысы футбол алаңындағы этика мен тәртіпті күшейтуге бағытталған бастама ретінде бағаланып отыр. Аталған мәселе Чемпиондар лигасындағы «Бенфика» мен мадридтік «Реал» арасындағы ойында болған жағдайдан кейін қайта көтерілді. 17 ақпанда өткен алғашқы кездесуде «Бенфика» ойыншысы Джанлука Престианни «Реалдың» қара нәсілді жұлдызы Винисиус Жуниормен сөзге келіп, аузын жейдесімен жауып сөйлеген. Кейін бразилиялық футболшы қарсыласын нәсілшілдік сипаттағы сөз айтты деп айыптады. Осы оқиғаға байланысты матч шамамен он минутқа тоқтатылған болатын.
Кейін УЕФА Престианниді дискриминациялық мінез-құлқы үшін бір ойынға шеттеткенін хабарлады. Алайда ESPN дерегінше, аргентиналық ойыншы айтқан сөз нәсілшіл емес, гомофобиялық мағынаға жақын болғаны айтылған. Сол сәтте нақты қандай сөз қолданылғанын анықтау қиынға соққан. Себебі футболшы жанжал кезінде аузын жауып тұрған еді.
Чемпиондар лигасының іріктеуінде екі матчтың қорытындысы бойынша «Реал» «Бенфиканы» жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды. Енді мадридтік клуб келесі кезеңде «Манчестер Ситимен» кездеседі.