Иран әйелдер құрамасының жеті ойыншысы ұлттық әнұранды айтудан бас тартқан
Аустралияда өтіп жатқан Азия кубогына барған Иран әйелдер құрамасының футболшыларының паспорттары мен телефондарын тәркілегені белгілі болды. Бұл туралы The Athletic басылымы жазды.
Мәліметке сәйкес, ойыншылардың елден қашып кетуінің алдын алу үшін олардың паспорттары жинап алынған. Сондай-ақ кейбір футболшылардың телефондары да тәркіленіп, сондай-ақ арнайы тыңдалғаны айтылып отыр.
Дереккөздердің айтуынша, команда Ираннан шығар алдында ойыншылардан үкіметке қаржылық кепілдік ретінде ірі көлемде ақша қалдыру талап етіліп, отбасы мүшелері мен олардың орналасқан жері туралы мәлімет беруге міндеттелген.
Бұған дейін Иран әйелдер құрамасының жеті ойыншысы ұлттық әнұранды айтудан бас тартқаны үшін елінде «сатқын» атанып, Аустралиядан саяси баспана сұраған болатын. Айта кетейік, Аустралияда өтіп жатқан Азия кубогының топтық кезеңінде Иран құрамасы үш ойында да есе жіберді.