Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Қайсарға» Ла лигада ойнаған Олимпиаданың қола жүлдегері келді

13.03.2026, 16:11

Бұл «Қайсардың» соңғы трансфері болмауы мүмкін

«Қайсарға» Ла лигада ойнаған Олимпиаданың қола жүлдегері келді
imoh__ezekiel в Instagram

Нигериялық шабуылшы Имо Эзекиль ресми түрде «Қайсардың» жаңа ойыншысы атанды.

Қызылордалық клубтың баспасөз қызметі 32 жастағы футболшымен келісімшарт жасалғанын хабарлады. Алайда келісімнің нақты мерзімі мен өзге де шарттары әзірге жарияланған жоқ.

Имо Эзекиль бұған дейін мансабында Бельгияның «Стандард» және «Андерлехт» клубтарында, Испанияның Ла Лигасында өнер көрсететін «Лас-Пальмас» сапында, сондай-ақ БАӘ-нің «Әл-Жазира» және «Әл-Зафра» командаларында ойнаған. Сонымен қатар ол Нигерия құрамасының намысын қорғап, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған. Оның соңғы клубы Албанияның «Поградец» командасы болды.

Сондай-ақ клубтың ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында Эзекильді әуежайдан күтіп алу сәті жарияланды. «Қайсар» жаңа ойыншы команданың шабуыл шебін күшейтуге көмектеседі деп отыр.

Айта кетейік, бұл «Қайсардың» соңғы трансфері болмауы мүмкін. Ақпарат көздерінің мәліметінше, клуб наурыз айының соңына дейін тағы бір шетелдік шабуылшыны қатарға қосуы ықтимал.

Бұған дейін қызылордалық ұжым Нигерия құрамасының бұрынғы ойыншысы және лондондық «Челсидің» экс-футболшысы Виктор Мозеспен келісімге келген еді. Ол жақын уақытта командаға қосылады деп күтілуде. Қазір оның Қазақстан визасына қатысты мәселелері шешіліп жатыр. Осыған байланысты Мозес Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымындағы «Жеңіске» қарсы алғашқы ойынды (1:1) өткізіп алды.

«Қайсар» келесі кездесуін 16 наурыз күні «Астанаға» қарсы өткізеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам