Футболшының осы маусымдағы нәтижелі пастарының саны 16-ға жетіп отыр
«Манчестер Юнайтедтің» португалиялық жартылай қорғаушысы Бруну Фернандеш 2000 жылы Дэвид Бекхэм орнатқан клуб рекордын жаңартты. Англия премьер-лигасының 30-туры аясында «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Астон Вилланы» 3:1 есебімен жеңген болатын.
Жеңімпаздар сапында Каземиро (53-минут), Матеус Кунья (71) және Беньямин Шешко (81) гол соқты. Ал қарсылас команда құрамынан Росс Баркли 64-минутта көзге түсті.
Кездесу барысында Бруну Фернандеш екі нәтижелі пас бере алды. Осылайша, португалиялық футболшының осы маусымдағы нәтижелі пастарының саны 16-ға жетіп отыр. Ол 1999/2000 жылғы маусымда Дэвид Бекхэм орнатқан клубтық рекордқа өзгеріс енгізіп, «Манчестер Юнайтед» тарихындағы елеулі оқиғаның кейіпкері атанды.
Англия премьер-лигасының тарихында бір маусымда ең көп нәтижелі пас берген футболшылар - Тьерри Анри (2002/03) және Кевин Де Брёйне (2019/20). Екеуінің де көрсеткіші әзірге 20 пасты құрайды.
Бұл жеңістен кейін «Манчестер Юнайтед» 54 ұпай жинап, турнирлік кестеде үшінші орындағы тұрақтылығын нығайта түсті. Ал «Астон Вилла» 51 ұпаймен төртінші сатыда тұр. Алғашқы екі орынды «Арсенал» (70 ұпай) мен «Манчестер Сити» (61 ұпай) иеленіп отыр. Әзірге ағылшын футбол чемпионатының аяқталуына сегіз тур қалды.
20 наурызда «Манчестер Юнайтед» сырт алаңда «Борнмут» командасымен кездеседі. Ал «Астон Вилла» екі күннен кейін өз алаңында «Вест Хэм» клубын қабылдайды.