Түпкілікті шешімді Иран футбол федерациясы қабылдауы тиіс
Азия футбол конфедерациясы Иран құрамасының биыл өтетін әлем чемпионатына қатысудан бас тартқаны жөнінде ешқандай ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Виндзор Джон Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтып өтті.
Оның сөзінше, қазіргі жағдай «өте эмоциялық сипатқа ие» және түрлі пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен, түпкілікті шешімді Иран футбол федерациясы қабылдауы тиіс. Әзірге федерация тарапынан турнирге қатысудан бас тарту туралы ресми мәлімдеме жасалмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Иранның спорт министрі Ахмад Доньямали ұлттық құраманың турнирге бармайтынын хабарлаған еді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иран құрамасының жарысқа қатысуын «орынсыз» деп санайтынын жеткізген.
Соған қарамастан, Азия футбол конфедерациясы Иран құрамасының әлем чемпионатына қатысқанын қалайтынын білдірді. 2026 жылғы әлем чемпионатында Иран құрамасы Бельгия, Египет және Жаңа Зеландия құрамаларымен бір топқа түскен. Ойындар АҚШ-тың Инглвуд және Сиэтл қалаларында өтеді деп жоспарланған.
28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған еді. Аталған жағдайдан кейін халықаралық спорттық жарыстарға белгілі деңгейде әсер етіп, Таяу Шығыста өтуі тиіс бірқатар жарыстар кейінге шегерілген.