Иран ойындарды Мексикаға ауыстыруды сұраған.
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино 2026 жылғы әлем чемпионатында Иран құрамасы бастапқы кестеге сай өнер көрсетеді деп сенеді.
Иран құрамасы топтық кезеңдегі матчтарының барлығын (Жаңа Зеландия, Бельгия және Мысыр құрамаларына қарсы) АҚШ аумағында өткізуі тиіс. Алайда Иран тарапы қауіпсіздік мәселесін алға тартып, ойындарды Мексикаға көшіруді сұраған.
ФИФА басшысы бұл мәселе бойынша нақты ұстанымын білдірді.
«Біз шынайы өмірде өмір сүріп жатырмыз және Иран құрамасының жағдайы қаншалықты күрделі екенін түсінеміз. Соған қарамастан біз олардың әлем чемпионатындағы ойындарын барынша қолайлы жағдайда өткізу үшін жұмыс істейміз. Бізде B, C немесе D деген жоспар жоқ – тек А жоспары бар.
Қазіргі геосаяси жағдайдың күрделі екенін білеміз, өкінішке қарай, оны шешу біздің қолымызда тұрған дүние емес. Бірақ біз адамдарды біріктіріп, бейбітшілік пен мереке атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік жасай аламыз», – деді Инфантино.
Айта кетейік, 2026 жылы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.